1._Декларация тіркелгеннен кейін тауарлар қандай мерзімде шығарылады?
_____Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 193-бабына сәйкес тауарларды шығарудың жалпы мерзімі тауарларға арналған декларация (бұдан әрі – ТД) тіркелген сәттен бастап төрт сағатты құрайды. Егер кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін төрт сағаттан аз уақыт қалса, тауарларды шығару келесі жұмыс уақыты басталғаннан кейін төрт сағат ішінде аяқталуға тиіс.
_____Құжаттар сұратылған, бақылаудың қосымша шаралары тағайындалған және аталған баптың 3-тармағында көзделген басқа да жағдайларда тауарларды шығару келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
_____Бақылауды аяқтау қажет болған жағдайда уәкілетті басшының рұқсатымен мерзім ұзартылуы мүмкін, әдетте, ТД тіркелген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күніне дейін. Жекелеген жағдайлар үшін Кодексте өзге де мерзімдер көзделген. Алдын ала декларациялау кезінде мерзім Кодекстің 193-бабының 2-тармағында белгіленген мән-жайлар туындаған сәттен бастап есептеледі.
2._Тауарларды шығару неге кешіктіріледі және себебін қалай білуге болады?
_____Тауарларды шығару құжаттар мен кедендік құнды тексеруге, кедендік қарап-тексеруді немесе сараптаманы тағайындауға, ТД-дағы мәліметтерді түзету қажеттілігіне, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растауға не төлемдерді төлеуді қамтамасыз етуді ұсынуға байланысты қосымша уақытты талап етуі мүмкін.
_____Себебін нақтылау үшін «Кеден» ақпараттық жүйесіндегі ТД мәртебесін, келіп түскен сұрау салулар мен хабарламаларды тексеру қажет. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы» РММ «Электрондық декларациялау орталығы» басқармасына (бұдан әрі – ЭДО) жүгінген кезде ТД-ның тіркеу нөмірін, сыртқы экономикалық қызметке қатысушының (бұдан әрі – СЭҚ) атауын көрсету және мәселенің мәнін сипаттау қажет.
_____Егер шығару мерзімі ұзартылса, кеден органы ұзартуға рұқсат берілгеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей ұзартудың негіздерін көрсете отырып хабарлама жібереді. Аталған тәртіп Кодекстің 193-бабының 9-тармағында белгіленген.
3._Тауарларды электрондық декларациялау үшін қандай құжаттарды дайындау қажет?
_____Құжаттардың құрамы тауарға және мәлімделген кедендік рәсімге байланысты болады. Әдетте сыртқы сауда шарты, спецификациялар, шот-фактура (инвойс), көліктік құжаттар, тасымалдау және сақтандыру шығыстары туралы мәліметтер қажет.
_____Қажет болған жағдайда тауардың шығу тегі туралы құжаттар, рұқсат беру құжаттары, жеңілдіктерге құқықты растайтын құжаттар және кедендік құнды айқындау үшін қажетті құжаттар пайдаланылады.
_____Жалпы ереже бойынша электрондық ТД-ны беру барлық растайтын құжаттарды бір мезгілде ұсынумен қатар жүрмейді. Алайда заңнамада көзделген жағдайларда олар декларантта болуы және кеден органының сұрау салуы бойынша ұсынылуы тиіс. Ерекшеліктер мен ұсыну тәртібі Кодекстің 179, 180 және 410-баптарымен айқындалады.
_____ТД-дағы және құжаттардағы тауардың атауы, саны, салмағы, құны және жеткізу шарттары туралы мәліметтер өзара сәйкес келуге тиіс.
4._ЭДО кедендік құнды растау үшін неге қосымша құжаттарды сұратады?
_____Қолда бар мәліметтер мәлімделген кедендік құнды тексеру үшін жеткіліксіз болған немесе олардың анық еместігін көрсететін белгілер анықталған жағдайда қосымша құжаттар сұратылады. Бұған, мысалы, құжаттардағы сәйкессіздіктер, расталмаған жеңілдіктер немесе тасымалдау шығыстары туралы мәліметтердің болмауы себеп болуы мүмкін.
_____Кодекстің 410-бабының 4–5-тармақтарына сәйкес сұрау салуда күмән туғызған мән-жайлар, қажетті құжаттар мен түсініктемелердің тізбесі, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімі көрсетілуге тиіс. Құжаттар тізбесі нақты мәміленің және тауар сипаттамаларының ерекшеліктерін ескере отырып айқындалады.
_____Жауап ретінде сұрау салуда көрсетілген мәселелер бойынша құжаттарды: бағаның қалыптасу шарттарын, жеңілдікті растауды, тасымалдау шығыстарының есебін және тексеруге қатысты өзге де мәліметтерді ұсыну қажет. Әрбір сұрау салу бойынша құжаттар бір жинақпен ұсынылады.
5._Тауардың бағасы қолда бар баға ақпаратынан төмен болған жағдайда ғана кедендік құнды арттыруға бола ма?
_____Мәлімделген бағаның баға ақпаратынан айырмашылығының өзі кедендік құнның анық еместігін білдірмейді. Ол қосымша тексеру жүргізуге негіз болуы мүмкін, бірақ мәміле бағасын анықтамалық мәнмен автоматты түрде ауыстыруға негіз болып табылмайды.
_____Салыстыру кезінде тауардың сипаттамалары мен сапасы, тауар белгісі, шығарылған елі, партия көлемі, әкелу кезеңі, жеткізу және төлем шарттары ескеріледі. СЭҚ қатысушысы шартты, сатушымен хат-хабарды, жеңілдікті растайтын құжаттарды және бағаның қалыптасуын түсіндіретін өзге де дәлелдерді ұсына алады.
_____Кедендік құнды өзгерту туралы шешім тексеру нәтижелеріне және оны айқындау әдістерінің заңды түрде қолданылуына негізделуге тиіс. Бақылау тәртібі ЕАЭО Комиссиясы Алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 шешімімен бекітілген Ережемен белгіленеді.
6._Тауар үшін төлем әлі жүргізілмеген болса, кедендік құнды айқындаудың бірінші әдісін қолдануға бола ма?
_____Иә, егер Кодекстің 66-бабында белгіленген талаптар сақталса. Бірінші әдіс әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға негізделеді, оған заңнамада көзделген қосымша есептеулер қосылады.
_____Егер шартта төлемді кейінге қалдыру көзделсе, декларациялау күні төлемнің жүргізілмеуі өздігінен бірінші әдісті қолданудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Шартты, инвойсты және баға мен төлем шарттарын растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Төлем құжаттары сұратылған жағдайда төлем мерзімінің әлі басталмағанын түсіндіру қажет.
_____Бұл ретте құнды есептеу үшін қажетті баға мен өзге де мәліметтер анық, сандық тұрғыдан айқындалатын және құжаттамалық расталған болуға тиіс
7._Тауардың бағасынан бөлек кедендік құнға қандай шығыстар енгізілуі қажет?
_____Кодекстің 67-бабына сәйкес, егер олар тауар бағасына енгізілмеген болса, мәміле бағасына заңнамада көзделген шығыстар қосылады. Оларға, атап айтқанда:
тауарды ЕАЭО кедендік аумағына келген жерге дейін тасымалдау, онымен байланысты тиеу-түсіру жұмыстары және сақтандыру шығыстары;
ыдыс пен орау құны;
сатып алушының тауарды сатып алуы үшін агентке төленетін сыйақыны қоспағанда, заңнамада көзделген делдалдық сыйақылар;
сатып алушы тауарды өндіру үшін тегін немесе төмендетілген бағамен ұсынған белгілі бір материалдардың, құралдардың және көрсетілетін қызметтердің құны;
оларды енгізу талаптары сақталған жағдайда роялти және өзге де лицензиялық төлемдер, сондай-ақ тауарды кейіннен сатудан сатушыға тиесілі табыстың бір бөлігі жатады.
_____Бағаға енгізілген шығыстарды қайта есепке алу талап етілмейді. Келген жерден кейінгі тасымалдау шығыстары олар бөлек көрсетіліп, мәлімделіп және құжаттамалық расталған жағдайда кедендік құнға енгізілмеуі мүмкін.
8._Кедендік құнды тексеру аяқталғанға дейін тауарды алуға бола ма?
_____Мұндай мүмкіндік Кодекстің 195-бабында көзделген, егер тексеруді тауарларды шығару үшін белгіленген мерзімдерде аяқтау мүмкін болмаса. Ол үшін шығару шарттарын орындау, ТД-да есептелген төлемдерді төлеу және қосымша төлемдердің ықтимал сомасын қамтамасыз ету талап етіледі. Жекелеген жағдайларда Кодексте қамтамасыз етуді ұсынудан босату көзделген.
_____Кеден органы қамтамасыз ету сомасын есептеуді жібереді. Оның мөлшері тауардың толық құнына емес, қосымша төлемдердің ықтимал сомасына қарай айқындалады.
_____Қамтамасыз етуді ұсыну тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растауды алмастырмайды. Кодекстің 195-бабының 5-тармағында көзделген мән-жайлар болған кезде мұндай шығару жол берілмейді. Шығарудан кейін тексеру жалғасатындықтан, кеден органының сұрау салуларына белгіленген мерзімдерде жауап беру қажет.
9._Қамтамасыз етумен шығарылғаннан кейін құжаттарды қандай мерзімде ұсыну қажет және тексеру қашан аяқталады?
_____Егер тексеру тауарларды шығарғанға дейін басталып, Кодекстің 195-бабына сәйкес шығарғаннан кейін жалғасатын болса, бұрын ұсынылмаған сұратылған құжаттар заңда арнайы көзделген ерекшелікті қоспағанда, ТД тіркелген күннен бастап 60 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде ұсынылуы мүмкін.
_____Кодекстің 410-бабының 14–16-тармақтарына сәйкес тексеру құжаттар ұсынылған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей аяқталады. Құжаттар ұсынылмаған жағдайда мерзім оларды ұсыну мерзімі өткен күннен бастап есептеледі.
_____Күмәндар жойылмаған жағдайда кеден органы қосымша сұрау салуға құқылы. Жауап сұрау салу тіркелген күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс; бұл ретте тексерудің 30 күндік мерзімі белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады.
_____Мәлімделген мәліметтер расталған жағдайда декларантқа тексерудің аяқталғаны және қамтамасыз ету сомасын есепке жатқызу немесе қайтару мүмкіндігі туралы хабарланады. Көрсетілген мерзімдер тек осы тексеруге қатысты және шығарудан кейінгі бақылаудың барлық түрлеріне қолданылмайды.
10._Сұратылған барлық қосымша құжаттарды белгіленген мерзімде ұсыну мүмкін болмаса, не істеу қажет?
_____Мерзім аяқталғанға дейін қолда бар құжаттарды және қалған материалдардың болмау себептері туралы жазбаша түсініктемелерді ұсыну қажет. Түсініктемеде қандай құжаттардың жоқ екені, оларды не себепті ұсыну мүмкін еместігі және тиісті мәліметтердің қандай басқа дәлелдермен расталатыны көрсетілуі тиіс.
_____Мысалы, төлем құжатының болмауын шартта төлемді кейінге қалдырудың көзделуімен түсіндіруге болады. Жеңілдік туралы жеке құжат болмаған жағдайда шарт талаптары және сатушымен мәмілеге қатысты хат-хабар ұсынылуы мүмкін.
_____Түсініктемелерді ұсыну Кодекстің 410-бабында көзделген, алайда бұл өздігінен мерзімді автоматты түрде ұзартуды немесе мәлімделген кедендік құнның расталғанын білдірмейді. Кеден органы барлық материалдарды бағалайды. Егер мәліметтер расталмаса, шешім қолда бар ақпарат негізінде қабылданады; тауарларды шығарғанға дейін белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда тауарларды шығарудан бас тартылуы мүмкін.
11._Декларациядағы қателерді қалай өзгертуге немесе түзетуге болады?
_____Декларант ТД-ның тіркеу нөмірін, түзетілетін бағандарды, дұрыс мәліметтерді және өзгерістердің себептерін көрсете отырып, растайтын құжаттарды қоса беріп, уәжді өтініш жолдауы қажет. Өзгерістер белгіленген тәртіппен, оның ішінде тауарларға арналған декларацияны түзету (ТДТ) арқылы енгізіледі. Электрондық өзара іс-қимыл «Кеден» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
_____Тауарларды шығарғанға дейін декларанттың бастамасы бойынша өзгерістер Кодекстің 183-бабындағы шектеулерді ескере отырып, кеден органының рұқсатымен енгізіледі. Түзету мүмкіндігі, атап айтқанда, құжаттардың сұратылғанына және бақылау іс-шараларының тағайындалғанына байланысты болады. Жекелеген түзетулер үшін ерекшеліктер белгіленген.
_____Тауарлар шығарылғаннан кейін өзгерістер заңнамада көзделген жағдайларда кеден органының шешімі бойынша немесе оның рұқсатымен енгізіледі. Декларациялау кезінде мәлімделген тауарларды басқа тауарлармен ауыстыруға түзету арқылы жол берілмейді.
12._Берілген тауарларға арналған декларацияны кері қайтарып алуға бола ма және оны қалай жүзеге асыруға болады?
_____Кері қайтарып алу үшін кеден органына ТД-ның тіркеу нөмірі мен кері қайтарып алу себептерін көрсете отырып, қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды қоса бере отырып өтініш жолдау қажет. Кері қайтарып алу Кодекстің 184-бабында белгіленген тәртіппен кеден органының рұқсатымен жүзеге асырылады.
_____Шетелдік тауарларға арналған ТД жалпы ереже бойынша тауарлар шығарылғанға дейін кері қайтарып алынуы мүмкін. Жаңа декларация уақытша сақтау мерзімі ішінде берілуге тиіс. ЕАЭО тауарлары үшін арнайы қағидалар көзделген, оның ішінде нақты әкетілгенге дейін тауарлар шығарылғаннан кейін кері қайтарып алу мүмкіндігі бар.
_____Кері қайтарып алу мүмкіндігі тағайындалған кедендік қарап-тексерумен, кедендік тексеріп-қараумен немесе сараптамамен, сондай-ақ әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын бұзушылықтардың анықталуымен шектеледі. Тиісті іс-шаралар аяқталғаннан кейін мұндай бұзушылықтар анықталмаған жағдайда кері қайтарып алу мүмкін болады. Өтініш беру өздігінен ТД-ның кері қайтарып алынғанын білдірмейді.
13._Кедендік қарап-тексеру немесе сараптама не үшін тағайындалады және олар аяқталғанша міндетті түрде күту қажет пе?
_____Кедендік қарап-тексеру нақты сипаттамаларды, тауардың санын және мәлімделген мәліметтерге сәйкестігін тексеру үшін, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша тағайындалуы мүмкін. Құжаттардағы сәйкессіздіктер немесе ықтимал құқық бұзушылық белгілері тексеруге негіз болуы мүмкін.
_____Кедендік сараптама мәселені шешу үшін арнайы немесе ғылыми білім қажет болған кезде, мысалы, тауардың құрамы мен қасиеттерін анықтау мақсатында тағайындалады. Оны тағайындау негіздері Кодекстің 466-бабында көзделген.
_____Сараптаманың тағайындалуы сарапшының қорытындысын алғанға дейін тауарларды шығаруға сөзсіз тыйым салуды білдірмейді. Мұндай мүмкіндік Кодекстің 196-бабына сәйкес төлемдердің төленуін, қажетті қамтамасыз етудің ұсынылуын және тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын ескере отырып бағаланады. Бақылау аяқталғанға дейін тауарларды шығару мүмкін болмаған жағдайда мерзімді ұзарту белгіленген тәртіппен ресімделеді.
14._Қандай жағдайларда тауарларды шығарудан бас тартылуы мүмкін?
_____Негіздер Кодекстің 201-бабында белгіленген. Оларға, атап айтқанда, тауарларды шығару шарттарының орындалмауы, ТД-дағы мәліметтерді өзгерту туралы талаптың орындалмауы, кеден органының талабы бойынша тауардың ұсынылмауы және заңнамада көзделген жағдайларда сұратылған құжаттардың ұсынылмауы жатады.
_____Сондай-ақ Кодексте белгіленген ерекшеліктерді және оларды жою мүмкіндігін ескере отырып, бұзушылықтар анықталған кезде де тауарларды шығарудан бас тартылуы мүмкін. Қабылданатын шешімде бас тартудың барлық себептері мен құқықтық негіздері көрсетілуге және декларантқа белгіленген тәртіппен жеткізілуге тиіс.
_____Шешімді алғаннан кейін қандай талаптардың орындалмағанын және бас тарту себептерін жою үшін қандай құжаттар немесе әрекеттер қажет екенін анықтау қажет. Шешіммен келіспеген жағдайда СЭҚ қатысушысы оған шағым жасауға құқылы.
15._Тауарларды ресімдеу мәселесі бойынша немесе ЭДО шешіміне шағымдану үшін қайда жүгінуге болады?
_____Нақты ТД бойынша мәселені нақтылау үшін ЭДО-ға жүгіну қажет, бұл ретте оның тіркеу нөмірін, СЭҚ қатысушысы туралы мәліметтерді және мәселенің мәнін көрсету қажет. Өзекті байланыс деректері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасының ресми парақшасында орналастырылады. Ресми өтінішті «e-Өтініш» жүйесі арқылы жолдауға болады.
_____Егер СЭҚ қатысушысы кеден органының шешімімен, әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келіспесе, ол шағым беруге құқылы. Шағымда шағым жасалып отырған шешім немесе әрекет, мән-жайлар, уәждер, талаптар көрсетіліп, растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.
_____Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 91–92-баптарына сәйкес жоғары тұрған органға шағым шешімі немесе әрекеті шағым жасалып отырған орган арқылы беріледі. Жалпы мерзім – өтініш берушіге шешім немесе әрекет туралы белгілі болған күннен бастап үш ай; заңнамада арнайы жағдайлар және мерзімді қалпына келтіру мүмкіндігі көзделген. Заңда өзгеше белгіленбесе, сотқа жүгінуге, жалпы ереже бойынша, сотқа дейінгі шағымданудан кейін жол беріледі.