1. Кедендік жете тексеруді жүргізу және тауарларды шығару қандай себептерге байланысты кешіктірілуі мүмкін?
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы өз құзыреті шегінде мынаны хабарлайды.
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде Қазақстан Республикасының кедендік және өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кедендік бақылау жүргізу барысында Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кедендік реттеу саласындағы заңнамасының және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының нормалары басшылыққа алынады.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 188 «Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес кедендік жете тексеру жүргізілуіне және соның салдарынан тауарларды шығару мерзімінің кешіктірілуіне мынадай себептер негіз болуы мүмкін:
Тәуекелдерді басқару жүйесінің іске қосылуы. Егер тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі ықтимал құқық бұзушылық белгілерін анықтаса, тауар кедендік жете тексеруге немесе қарап-тексеруге жіберіледі.
Инспекциялық-тексеру кешенінің (ИТК) нәтижелері бойынша күдіктің туындауы. Рентгендік сканерлеуден кейін «ИТК бақылауы, күдік бар» деген белгі болған жағдайда, жүк қосымша кедендік жете тексеруге жатады.
Кеден заңнамасын бұзу белгілерінің анықталуы. Егер бақылаудың өзге нысандарын жүргізу барысында тауарларды дұрыс декларацияламау, тауарларды жасыру, құжаттардағы мәліметтердің сәйкес келмеуі немесе өзге де бұзушылықтар белгілері анықталса, кедендік жете тексеру аяқталғанға дейін тауарларды шығару тоқтатыла тұруы мүмкін.
Кедендік сараптама жүргізілуі. Кедендік сараптама жүргізу кезеңінде тауарларды шығару мерзімі ұзартылады.
2. Кедендік сараптама қандай негізде тағайындалады және тауарларды кедендік ресімдеу мерзімдері не себепті ұзартылады?
Кедендік сараптама кеден органына тауардың мәлімделген мәліметтерін, сипаттамаларын, шығарылған елін, құрамын немесе сыныптамасын қосымша тексеру қажет болған жағдайда тағайындалады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 466-бабының 1-тармағы басшылыққа алынады.
Атап айтқанда, кедендік сараптама тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтердің дұрыстығына күмән туындаған, ұсынылған құжаттар, тауар таңбалауы және тауардың нақты сипаттамалары арасында сәйкессіздіктер анықталған, сондай-ақ декларант мәлімдеген мәліметтерге қатысты күмән болған жағдайларда тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар, тауар кодының дұрыс айқындалмағаны туралы белгілер болған кезде де сараптама жүргізіледі. Бұл кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшеріне, сондай-ақ тыйымдар мен шектеулерді қолдануға әсер етуі мүмкін.
Бұдан бөлек, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінде тәуекел бейіндері іске қосылған жағдайда да кедендік сараптама тағайындалуы мүмкін.
Бұл ретте тауарларды шығару мерзімі кедендік сараптама жүргізу, сарапшының қорытындысын алу, қосымша құжаттар мен мәліметтерді тексеру және кедендік бақылаудың өзге де нысандарын аяқтау кезеңіне ұзартылады.
3. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тауарлардың кешіктірілуіне, кедендік жете тексерулердің жүргізілуіне және транзиттік декларациялардың ресімделуіне қатысты өтініштері қалай қаралады?
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тауарлардың кешіктірілуіне, кедендік жете тексерулердің жүргізілуіне және транзиттік декларациялардың ресімделуіне қатысты өтініштері Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
Өтініштерді қарау мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:
Өтінішті тіркеу. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы өтінішті «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы тиісті кеден органына жазбаша нысанда жолдайды. Өтініш келіп түскеннен кейін тіркеліп, уәкілетті бөлімшенің қарауына жіберіледі.
Қосымша мәліметтерді сұрату. Қажет болған жағдайда кеден органы қосымша құжаттар мен мәліметтерді сұратуға құқылы.
Жауап дайындау және жолдау. Қарау қорытындысы бойынша өтініш берушіге кешіктіру себептері, кедендік бақылаудың ағымдағы кезеңі және қабылданған шаралар туралы түсіндірмелері бар ресми жауап жолданады.
Шағымдану мүмкіндігі. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы кеден органының әрекеттерімен немесе шешімдерімен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған органға шағым беруге, прокуратура органдарына жүгінуге немесе сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
Мұндай өтініштер Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес қаралады.
4. Қазақстан Республикасында тауарларға арналған декларация (ТД) қалай шығарылады және оны шығару қандай мерзімдерде жүзеге асырылады?
Тауарларға арналған декларацияны (ТД) шығару кеден органы декларацияны тіркегеннен және қажетті кедендік операциялар мен кедендік бақылау нысандарын жүргізгеннен кейін жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 193-бабына сәйкес тауарларды шығару мынадай мерзімдерде аяқталуға тиіс:
тауарларға арналған декларация тіркелген кезден бастап 4 сағат ішінде;
егер кедендік бақылау жүргізілсе, құжаттар сұратылса немесе мәліметтерге өзгерістер енгізілсе, ТД тіркелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
мерзім ұзартылған жағдайда — 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, ал жекелеген жағдайларда заңнамада көзделген өзге мерзімдерде.
5. Қандай жағдайларда кеден органы тауарларды шығарудан бас тартуы мүмкін және мұндай шешімге шағымдану тәртібі қандай?
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасы өз құзыреті шегінде мынаны хабарлайды.
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде Қазақстан Республикасының кедендік және өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кедендік бақылау жүргізу барысында Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кедендік реттеу саласындағы заңнамасының және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының нормалары басшылыққа алынады.
Тауарларды шығарудан бас тарту негіздері Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 201-бабында регламенттелген.
Кедендік бақылау барысында мынадай бұзушылықтар анықталған жағдайда кеден органы тауарларды шығарудан бас тартады:
кеден органы тауарларды шығаруды жүзеге асыру үшін белгіленген шарттардың орындалмауы;
кеден органының кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту (толықтыру) туралы талаптарының орындалмауы;
белгіленген мерзімдерде кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы және өтемдік баждардың төленбеуі.
Кеден органының шешімімен келіспеген жағдайда, мүдделі тұлға жоғары тұрған кеден органына немесе уәкілетті органға шағым беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
6. Бас диспетчерлік басқарманың басшысының қабылдауына қалай жазылуға болады?
Бас диспетчерлік басқарманың басшысының немесе оның орынбасарларының қабылдауына жазылу үшін басқарманың кеңсесі арқылы өтініш жолдау немесе Бас диспетчерлік басқарманың байланыс телефондарына хабарласу қажет.
7. Тауарларға арналған декларацияны қалай кері қайтарып алуға болады?
Тауарларға арналған декларацияны кері қайтарып алу үшін «Кеден» ақпараттық жүйесінде келіп түскен сұрау салуға жауап ретінде декларацияны кері қайтарып алу себебі көрсетілген өтінішті (хатты) тіркеу қажет. Қажет болған жағдайда өтінішке растайтын құжаттар қоса беріледі.
Ұсынылған материалдар қаралғаннан кейін тиісті шешім қабылданады.
8. Тауарларға арналған декларацияға өзгерістерді (түзетулерді) қалай енгізуге болады?
Тауарларға арналған декларацияға өзгерістер (түзетулер) енгізу үшін «Кеден» ақпараттық жүйесінде келіп түскен сұрау салуға жауап ретінде түзетілуге жататын бағандар көрсетілген өтінішті (хатты), сондай-ақ өзгерістер енгізу қажеттілігін растайтын құжаттарды тіркеу қажет.
Ұсынылған құжаттар қаралғаннан кейін тиісті шешім қабылданады.
9. Тауарларға арналған декларацияның шығарылуы кешіктірілген жағдайда қайда жүгінуге болады?
Тауарларға арналған декларацияның шығарылу мерзімінің кешіктірілу себептерін нақтылау үшін ТД-ны өңдеу жөніндегі чат-бот сервисіне жүгінуіңізді сұраймыз:
Қосымша ақпаратты мына телефон нөмірлері арқылы алуға болады:
+7 (705) 281-43-49;
+7 (700) 286-80-71;
+7 (775) 707-79-30.
10. Бағалық ақпарат қандай мақсаттарда пайдаланылады?
Бағалық ақпарат кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомасын есептеу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 452-бабы 5-тармағының 4) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 29 сәуірдегі № 414 «Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес тауарлардың кедендік құнын түзету кезінде пайдаланылады.
11. Қазақстан Республикасының кеден органдарында бағалық ақпарат қандай деректер негізінде қалыптастырылады?
Бағалық ақпарат Қазақстан Республикасының тауарларға арналған декларацияларының электрондық көшірмелері дерекқорын талдау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасу шеңберінде алынған деректер негізінде қалыптастырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 452-бабы 5-тармағының 4) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 29 сәуірдегі № 414 «Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы» бұйрығы басшылыққа алынады.
12. Бағалық ақпарат құпия ақпарат болып санала ма?
Жоқ, бағалық ақпарат құпия ақпарат болып табылмайды және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 452-бабы 5-тармағының 4) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 29 сәуірдегі № 414 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурсында айына бір рет жарияланады.
13. Бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесінің негізгі мақсаты қандай?
Әдістеменің негізгі мақсаты — бағалық ақпаратты қалыптастыру тәртібін айқындау және оны әкелінетін тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қолдану тәртібін белгілеу.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 452-бабы 5-тармағының 4) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 29 сәуірдегі № 414 «Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы» бұйрығы басшылыққа алынады.
14. Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесі қандай нормативтік құқықтық актімен бекітілген?
Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 29 сәуірдегі № 414 «Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген.
15. Тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік құнды растау шеңберінде кедендік бақылау жүргізу кезінде құжаттарды қандай мерзімде ұсыну қажет?
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 410-бабына сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау шеңберінде кеден органы сұратқан құжаттар мен мәліметтер тауарларға арналған декларация тіркелген күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде ұсынылуға тиіс.
16. Кедендік құнды растау шеңберінде құжаттар ұсынылғаннан кейін тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау қандай мерзімде аяқталады?
Декларант немесе өзге де тексерілетін тұлға қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынғаннан кейін тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау 30 күнтізбелік күн ішінде аяқталады.
Бұл ретте өзге мемлекеттік органдарға немесе шет мемлекеттерге сұрау салу қажеттілігі туындаған, сондай-ақ қосымша тексеру іс-шаралары жүргізілген жағдайлар ерекшелік болып табылады.
17. Белгіленген мерзімде сұратылған құжаттардың толық топтамасын ұсыну мүмкін болмаған жағдайда не істеу қажет?
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 410-бабында белгіленген мерзімдерде құжаттар мен мәліметтер ұсынылмаған жағдайда, кеден органы қолда бар құжаттар мен мәліметтер негізінде кедендік бақылау жүргізеді.
Сонымен қатар кеден органы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылдауға құқылы.
18. Кедендік құнды айқындаудың 1-әдісін қолданбауға қандай негіздер себеп болуы мүмкін?
Кедендік құнды айқындаудың 1-әдісін қолданбауға мынадай жағдайлар негіз болуы мүмкін:
мәлімделген кедендік құнның құжаттамалық расталмауы;
ұсынылған құжаттар арасында сәйкессіздіктердің болуы;
тауар үшін төлем жасалғанын растайтын құжаттардың болмауы;
тауарларға билік етуге қатысты шектеулердің болуы;
кедендік құнды айқындауға әсер ететін анық емес мәліметтердің анықталуы.
19. Тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік құнды растауға қатысты мәселелер туындаған жағдайда қайда жүгінуге болады?
Тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік құнды растау мәселелері бойынша тексеру іс-шараларын жүзеге асыратын кеден органына мына WhatsApp байланыс нөмірі арқылы жүгіну қажет: +7 778 652 53 63.