Тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібі Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен белгіленген.
Декларацияның маңызды бағандарының бірі – «Жүк орындары және тауарлардың сипаттамасы» деп аталатын 31-баған.
Бұл бағанда көрсетілетін мәліметтер тауарды сәйкестендіру және жіктеу, кедендік төлемдерді айқындау және кедендік бақылауды жүргізу үшін қажет.
Бағанды толтыру кезінде тауардың толық атауы, өндірушісі туралы мәліметтер (бар болса), тауар белгісі, маркасы, моделі, артикулы, техникалық сипаттамалары және тауарды нақты сәйкестендіруге мүмкіндік беретін басқа да мәліметтер көрсетілуі тиіс.
Мәліметтердің толық әрі дұрыс көрсетілуі кедендік рәсімдеудің талапқа сай жүргізілуіне ықпал етеді. Ал тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 535-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.