
Кедендік бақылау Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органдары жүзеге асырады.
Кедендік бақылау кедендік бақылау объектілеріне қатысты осы Кодексте айқындалған кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұза отырып өткізілетін тауарларды анықтау мақсатында кедендік бақылау Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтетін жеке тұлғаларға қатысты жүргізілуі мүмкін.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды іріктеу қағидатын басшылыққа алады.
Кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды таңдау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланылады.
Кедендік бақылау нысандары және (немесе) кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шаралар кеден органдары тарапынан кеден заңнамасының және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
Кедендік тазартуға және тауарларды шығаруға дейінгі кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдарының кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдануы автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде ғана жүзеге асырылады.
Кеден органдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың өзге де түрлерін, оның ішінде экспорттық, валюталық, радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
Кеден органдарының атынан кедендік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және өздерінің лауазымдық өкілеттіктері шегінде кедендік бақылауды жүргізуге уәкілеттік берілген кеден органдарының лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Кедендік құжаттарды, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанындағы кедендік бақылау, сондай-ақ өзге де нысандарда немесе кедендік бақылауды жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып жүргізілетін кедендік бақылау кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы кеден органдарының лауазымды адамдарының қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
Тауарлардың шығарылғанын растайтын мәліметтерді тексеру мақсатында кеден органдарында тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгені және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұза отырып тұрғаны туралы ақпарат болған кезде, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан тауарларға қатысты кедендік бақылау жүргізілуі мүмкін.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдарына оны жүргізу үшін Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының қандай да бір рұқсаттары, нұсқамалары немесе қаулылары талап етілмейді.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары мен олардың лауазымды адамдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделмеген талаптар мен шектеулерді белгілеуге құқығы жоқ.
Кедендік бақылауды жүргізу кезінде тасымалдаушыға, декларантқа, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға және кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының кедендік бақылауды жүргізу барысында қабылдаған шешімдерімен, жасаған әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) мүдделері қозғалатын өзге де тұлғаларға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына құқыққа сыйымсыз зиян келтіруге жол берілмейді.
Кедендік бақылау кедендік бақылау аймақтарында және кедендік бақылауға жататын тауарлар, оның ішінде халықаралық тасымалдаудағы көлік құралдары мен жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, құжаттар және (немесе) осындай тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелер орналасқан (орналасуға тиіс немесе орналасуы мүмкін) өзге де орындарда жүргізіледі.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда кедендік бақылау нысандарын қолдана отырып жүргізілген кедендік бақылаудың нәтижелері белгіленген нысандағы кедендік құжаттарды жасау арқылы немесе осы Кодексте көзделген өзге де тәсілмен ресімделеді.