
Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерін және соған байланысты мүмкіндіктерін жеке өзі немесе делдалдар арқылы өзі не үшінші тұлғалар үшін мүліктік (мүліктік емес) игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты аталған адамдарды игіліктер мен артықшылықтар беру арқылы сатып алуы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, қоғамның мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар, сондай-ақ Заңға сәйкес өзге де шаралар.
Бүгінгі таңда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы кең ауқымды іс-шаралармен қатар, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, жолын кесу және шектеу жұмыстары қоғамдық және саяси күштердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі. Бұл қызмет алдын алу шараларының жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы жүзеге асырылады.