Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға арналған. Бұл режимді Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар жалдамалы қызметкерлері болмаған жағдайда, табыс айына 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаған кезде және қызмет түрлері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен рұқсат етілген тізбеге сәйкес жүргізілген жағдайда қолдана алады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимінің басты артықшылығы – төлемдерді есептеудің жеңілдетілген тәртібі. Жеке табыс салығы төленбейді, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар одан босатылады. Оның орнына табыстың 4%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленеді, бұл қаражат зейнетақы, әлеуметтік қорлар мен медициналық сақтандыруға бөлінеді.
Табыс есебі арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі, онда чектер негізінде міндеттемелер сомасы қалыптасады. Қосымша салық есептілігін тапсыру талап етілмейді. Салық кезеңі күнтізбелік ай болып табылады, ал төлемлерді есептеу мен төлеу фискалды чектер негізінде жүзеге асырылады.
Интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бөлек реттеу қарастырылған. Бұл жағдайда платформаның операторы салық агенті болып танылады және орындаушылар үшін 0% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын және 4% мөлшерлеме бойынша әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады. Бюджетке аудару есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей оператор арқылы жүргізіледі.