«ҚР кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 171-бабы. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
- Тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін тасымалдаушы немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға кеден органына тауарлар, тауарларды жөнелтуші және алушы, оларды жөнелтуші ел және межелі ел туралы мәліметтерді қамтитын көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) кедендік құжаттарды не электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі туралы мәліметтерді қамтитын құжатты ұсынады.
Құжаттарды кеден органына беру электрондық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
- Кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды осындай құжаттар кеден органына берілген кезден бастап бір сағаттан кешіктірмей тіркейді және осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғаға құжаттардың тіркелгені туралы растаманы береді.
Кеден органының тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеуге және олардың тіркелгені туралы растаманы беруге байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.