2026 жылдан бастап көлік құралдарына салық салуға қатысты Салық кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді.
Атап айтқанда:
Жеңіл автомобильдерге қатысты салықты есептеу тәртібі өзгертілді:
пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын автомобильдерге 0,7 түзету коэффициенті қолданылады;
пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын автомобильдерге 0,5 түзету коэффициенті қолданылады.
Осылайша, пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын автомобильдерге салынатын салық 30 пайызға, ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын автомобильдерге салынатын салық 50 пайызға төмендетіледі.
Бұдан басқа, шаруа (фермер) қожалықтары үшін пикап түріндегі бір көлік құралына көлік құралдары салығын төлеуден босату көзделген.
Сонымен қатар, пикаптар, джиптер, лимузиндер және C және D санаттарындағы фургондар бойынша аталған көлік құралдары тиісті санаттарға теңестіріледі және олар үшін қозғалтқыштың көлеміне қарай салықты есептеу нормалары алып тасталды. Бұдан былай мұндай көлік құралдарына салынатын салық олардың тиісті санатына сәйкес есептелетін болады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасында өндірілген немесе 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрден асатын көлік құралдарына қолданылған салықтың жоғарылатылған мөлшерлемелері алып тасталды.
Көлік құралдарына салынатын салық өткен салық кезеңі үшін есептелетінін ескере отырып, жоғарыда көрсетілген нормалар 2026 жыл үшін есептелетін, төлеу мерзімі 2027 жылы болатын салыққа қолданылады.