Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметі электрондық түрде берген резиденттік сертификатының негізінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға бола ма?

Салық агенті бейрезиденттің резиденттігін растайтын электрондық құжат шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған жағдайда, халықаралық шарттың ережелерін осындай құжаттың негізінде қолдануға құқылы.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 666-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес, салық агенті бейрезидентке кіріс төлеу кезінде не есептелген, бірақ төленбеген бейрезидент кірісін шегерімдерге жатқызу кезінде салық салудан босатуды дербес қолдануға құқылы.

Мұндай құқық мынадай талаптар сақталған жағдайда қолданылады:

  • бейрезидент кірістің түпкілікті, яғни нақты алушысы болып табылады;
  • бейрезидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылады;
  • бейрезидент салық агентіне өзінің резиденттігін растайтын құжатты ұсынған.

Кірістің түпкілікті немесе нақты алушысы деп кірісті иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқығы бар және осы кіріс бойынша делдал, оның ішінде агент немесе номиналды ұстаушы болып табылмайтын тұлға түсініледі.

Халықаралық шарт бейрезидент салық агентіне резиденттігін растайтын құжатты ұсынған жағдайда қолданылады.

Мұндай құжат мына күндердің қайсысы бірінші басталса, сол күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс:

  1. бейрезидентке кіріс төленген не бейрезиденттің есептелген, бірақ төленбеген кірістері шегерімдерге жатқызылған салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін;
  2. бейрезидентке кіріс төленген салық кезеңі үшін төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесінің орындалуы мәселесі жөніндегі салықтық тексеру аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей. Тексерудің аяқталу күні нұсқамаға сәйкес айқындалады.

Салық кодексінің 675-бабына сәйкес, бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат – кіріс алушы бейрезиденттің Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті екенін растайтын ресми құжат.

Мұндай құжат мынадай нысандардың бірінде ұсынылуы мүмкін:

  • бейрезидент резиденті болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырған түпнұсқа;
  • құжат түпнұсқасының нотариат куәландырған көшірмесі;
  • шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған, бейрезиденттің резиденттігін растайтын электрондық құжаттың қағаз көшірмесі.

Белгіленген жағдайларда лауазымды адамның қолы мен құзыретті органның немесе шетелдік нотариустың мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен заңдастырылуға тиіс.

Бұл ретте заңдастыру талап етілмейді, егер:

  • бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылса;
  • қол мен мөрдің түпнұсқалығын куәландырудың өзге тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделсе;
  • өзге тәртіп уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасында өзара келісу рәсімі шеңберінде белгіленсе;
  • өзге тәртіп Еуразиялық экономикалық одақ органының шешімімен көзделсе.

Бейрезидент резиденттігін растайтын құжатта көрсетілген кезең ішінде тиісті мемлекеттің резиденті болып танылады.

Егер құжатта резиденттік кезеңі көрсетілмесе, бейрезидент құжат берілген немесе шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған күнтізбелік жыл ішінде сол мемлекеттің резиденті болып танылады.

Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметінің ақпаратына сәйкес, 2018 жылғы 16 қаңтардан бастап Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметінің ресми сайтында «Ресей Федерациясының салық резиденті мәртебесін растау» электрондық сервисі жұмыс істейді.

Аталған сервис Ресей Федерациясының салық резиденті мәртебесін растайтын құжатты электрондық түрде алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сервистің арнайы бөлімі арқылы кез келген пайдаланушы тіркеусіз және аутентификациясыз берілген сертификаттың түпнұсқалығын тексере алады.

Осылайша, бейрезиденттің резиденттігін растайтын электрондық құжат шет мемлекеттің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған жағдайда, салық агенті халықаралық шарттың ережелерін осындай электрондық құжаттың негізінде қолдануға құқылы.

Дата публикации
09 сентября 2026