Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен кеден өкілдерінің назарын тауарларға арналған декларацияның (бұдан әрі – ТД) 31-бағанын толық әрі дұрыс толтыру қажеттілігіне аударады.
«Жүк орындары және тауарлардың сипаттамасы» 31-бағаны тауарларға арналған декларацияның маңызды бағандарының бірі болып табылады, өйткені онда көрсетілген мәліметтер мәлімделген тауарды сәйкестендіру және кедендік бақылауды жүргізуде маңызды.
Тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібі Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 «Тауарларға арналған декларацияның нысаны және оны толтыру тәртібі туралы» шешімімен (бұдан әрі – Декларациялау тәртібі) регламенттелген.
Белгіленген декларациялау тәртібіне сәйкес 31-бағанда кеден органдарына алу жүктелген кедендік және өзге де төлемдерді есептеу және өндіріп алу, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету, кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдауы, тауарды сәйкестендіру, ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес бір он таңбалы жіктеу кодына жатқызу үшін қажетті мәліметтер, сондай-ақ жүк орындары туралы мәліметтер көрсетіледі.
Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты 31-бағанды толтыру кезінде көрсетілетін мәліметтердің тізбесі № 2 қосымшамен бекітілген. Аталған тізбе ішкі тұтыну үшін шығару, кеден қоймасы, кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу, уақытша әкелу (рұқсат беру), уақытша әкету, реимпорт, реэкспорт, еркін кеден аймағы және еркін қойма кедендік рәсімдеріне орналастырылатын тауарларға қатысты қолданылады.
Бұл ретте тауардың сипаттамасы оны сәйкестендіруге және ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес тиісті кодын айқындауға мүмкіндік беретіндей жеткілікті деңгейде толық болуы тиіс.
Осылайша, 31-бағанда көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығы қажетті кедендік бақылау шараларын айқындаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Департамент кеден өкілдері мен СЭҚ қатысушыларына ТД-ны ұсынғанға дейін 31-бағанда көрсетілген мәліметтердің тауарға қатысты коммерциялық, көліктік, техникалық және өзге де құжаттарда қамтылған мәліметтерге, сондай-ақ мәлімделетін тауардың нақты сипаттамалары мен жай-күйіне сәйкестігін тексеруді ұсынады.
Тауарларды кедендік декларациялау белгіленген тәртібін бұзу Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен кеден өкілдерінің кеден заңнамасының талаптарын сақтауы кедендік әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ кедендік операцияларды жасау және тауарларды шығару уақытын қысқартуға ықпал етеді.