2026 жылдан бастап көлік құралдарына салық салуға қатысты Салық кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді.
Атап айтқанда:
Жеңіл автомобильдер бойынша салықты есептеу тәртібі өзгертілді:
Осылайша, пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын автомобильдерге салынатын салық 30 пайызға, ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын автомобильдерге салынатын салық 50 пайызға төмендетіледі.
Сонымен қатар, шаруа (фермер) қожалықтары үшін пикап түріндегі бір көлік құралына көлік салығын төлеуден босату қарастырылған.
Бұдан басқа, С және D санаттарына жататын пикаптар, жол талғамайтын көліктер (джиптер), лимузиндер мен фургондар тиісті көлік санаттарына теңестіріліп, олар үшін қозғалтқыш көлеміне байланысты салықты есептеу нормалары алып тасталды. Алдағы уақытта мұндай көлік құралдары бойынша салық олардың санатына сәйкес есептелетін болады.
Сондай-ақ, қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрден асатын, Қазақстан Республикасында өндірілген немесе Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін әкелінген көлік құралдарына қолданылып келген жоғары мөлшерлемелер жойылды.
Көлік құралдарына салынатын салық өткен салық кезеңі үшін есептелетінін ескере отырып, аталған нормалар 2026 жыл үшін салықты есептеу кезінде қолданылатын болады, ал бұл салық 2027 жылы төленуге тиіс.