
Цифрлық трансформацияның жедел қарқыны жағдайында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың дамуының негізгі бағыты – мемлекеттік қызметтерді жетілдіру болып отыр. Бұл ретте салық және кеден салаларына ерекше назар аударылады, өйткені дәл осы салаларда мемлекет пен кәсіпкерлердің, азаматтардың, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өзара іс-қимылы шоғырланған. Аталған салалардағы мемлекеттік қызметтер әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп қана қоймай, ашықтықты, заңдылықты және құқықтар мен міндеттерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызметтер – бұл мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың құқықтары, мүдделері мен міндеттерін заңнамаға сәйкес жүзеге асыруға бағытталған әрекеттері. Салық және кеден салаларындағы мұндай қызметтерге мыналар жатады:
салықтық есепке қою және есептен шығару;
резиденттікті растау;
лицензия беру (алкоголь, темекі өнімдерін сату және т.б.);
салықтық есептілікті ұсыну;
артық төленген салықтарды қайтару;
кедендік декларацияларды ресімдеу;
тауарларды сыныптау бойынша алдын ала шешім беру;
сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тіркеу және т.б.