
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 223 бабына сәйкес жүзеге асырылады, соған сәйкес келесі шаттармен айқындалады:
1) шетелдік тауарларға қатысты – осы Кодекстің 226-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету;
2) шетелдік тауарларға қатысты – Комиссия айқындайтын жағдайларда осы Кодекстің 226-бабына сәйкес арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету;
3) осы Кодекстің 427-бабында көзделген тәсілдермен тауарларды идентификаттау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
4) егер тауарлар кедендік пломбалар салынған және мөр басылған көлік құралдарының жүк тиеу орынжайларында (бөліктерінде) тасымалданса, осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген көлік құралының халықаралық тасымалдау талаптарына сәйкестігі;
5) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
Тауарларды су немесе әуе кемелерімен тасымалдауды қоспағанда, тауарларды тасымалдау осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген тиісті талаптарға сәйкес келетін көлік құралының жүк тиеу орынжайларында (бөліктерінде) немесе оның бөліктерінде жүзеге асырылады, осы Кодекстің 427-бабында көзделген идентификаттаудың өзге де тәсілдерінен басқа идентификаттау, осы тармақтың үшінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, көлік құралының осындай жүк тиеу орынжайларына (бөліктеріне) немесе оның бөліктеріне пломбалар салу арқылы қамтамасыз етілуге тиіс.
Тірі жануарларды, пошта ыдыстарындағы (пошта қаптарындағы, пошта контейнерлеріндегі) халықаралық пошта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмайтын тауарлармен бірге кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды көлік құралының бір жүк тиеу орынжайларында (бөліктерінде) немесе оның бөлігінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы бойынша тасымалдау кезінде көлік құралдарының жүк тиеу орынжайларына (бөліктеріне) немесе оның бөліктеріне пломбалар салу талап етілмейді.