Салықтық тексерулер нәтижелері бойынша хабарламаларға шағым жасау тәртібі
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 159-бабының талаптарына сәйкес салықтық тексеру аяқталғаннан кейін салық және бюджетке төленетін төлемдер сомаларын есептеуге, залалдарды азайтуға әкеп соғатын бұзушылықтар анықталған жағдайда, салық органы тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарады, ол салық төлеушіге (салық агентіне)заңнамада белгіленген тәртіппен жіберіледі (тапсырылады).
Салық төлеуші (салық агенті) қосымша есептеу сомасымен келіспеген жағдайда хабарламаға шағым жасауға құқылы.
Хабарламаға жоғары тұрған салық органына немесе сотқа шағым жасалады.
Тексеру актісі емес, хабарлама шағымдалғанына назар аудару керек.
Салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымы салық төлеушіге (салық агентіне) хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға беріледі.
Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарайтын уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі болып табылады.
Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағымның көшірмесін салықтық тексеруді жүргізген және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылықтарын қараған салық органдарына жіберуге тиіс.
Шағым беру үшін белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, шағым беруші салық төлеушінің (салық агентінің) өтінішхаты бойынша бұл мерзімді шағымды қарайтын уәкілетті орган қалпына келтіруі мүмкін.
Шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру мақсатында уәкілетті орган өзіне қатысты салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған кезде) еңбекке уақытша жарамсыздығын дәлелді себеп ретінде таниды.
Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңін растайтын құжатты және осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.
Салық төлеушінің (салық агентінің) шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішхатты тұлғалардың еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда, уәкілетті орган қанағаттандырады.
Уәкілетті органға шағым берген салық төлеуші (салық агенті) осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін оны өзінің жазбаша өтініші негізінде кері қайтарып ала алады. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын кері қайтарып алу заңдарда белгіленген мерзімдер сақталған жағдайда оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.
Салық төлеушінің (салық агентінің) тақырыптық тексеру тағайындалған күннен бастап ол аяқталған күнге дейінгі кезеңде шағымды қайтарып алуды жүргізуге құқығы жоқ.
Шағым салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша нысанда беріледі.
Шағымда көрсетілуі керек:
1) шағым берілетін уәкілетті органның атауы;;
2) шағым беруші тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері) көрсетіледі);
3) сәйкестендіру нөмірі;
4) салықтық тексеруді жүргізген салық органының атауы;
5) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) салық төлеушінің (салық агентінің) шағымға қол қойған күні);
7) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
Шағымға салық төлеуші (салық агенті) не оның өкілі болып табылатын тұлға қол қояды.
Шағымға қоса беріледі:
1) салық төлеуші (салық агенті) өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
2) іске қатысы бар өзге де құжаттар.
Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудан мынадай жағдайларда бас тартады:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беру мерзімін өткізіп алып, шағым беруі;
2) салық төлеуші (салық агенті) шағымының талаптарға сәйкес келмеуі;
3) салық төлеушінің (салық агентінің) өкілі болып табылмайтын тұлға үшін шағым берген жағдайларда жүзеге асырылады;
4) салық төлеушінің (салық агентінің) шағымда жазылған мәселелер бойынша сотқа талап қою арызын беруі арқылы жүзеге асырылады.
Уәкілетті орган шағым тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) шағымды қараудан бас тарту туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
Уәкілетті орган 4) тармақшада көзделген жағдайда салық төлеушіге (салық агентіне) мұндай бас тартудың себебін көрсете отырып, шағымды қараудан бас тарту туралы салық төлеушінің (салық агентінің) сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.
2) және 3) тармақшаларда көзделген жағдайларда уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы Салық кодексінің 178-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде салық төлеушінің (салық агентінің) жол берілген бұзушылықтарды жойса, оны қайтадан шағым беру құқығын жоққа шығармайды.
Салық кодексінің 183 - бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы бойынша-шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал салық мониторингіне жататын салық төлеушілердің шағымдары бойынша шағым тіркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәжді шешім шығарылады.
Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде салық кодексінің 186-бабында айқындалған тәртіппен тақырыптық тексеруді, сондай-ақ қайтадан тақырыптық тексеруді тағайындауға құқылы.
Шағым салық төлеуші (салық агенті) шағым жасайтын мәселелер шегінде қаралады.
Салық төлеуші (салық агенті) шағымды қарауға салықтық тексеру барысында өзі табыс етпеген құжаттарды ұсынған жағдайда, уәкілетті орган Салық кодексінің 186-бабында айқындалған тәртіппен тағайындалатын тақырыптық және (немесе) қайталама тақырыптық тексерулер барысында осындай құжаттардың анықтығын анықтауға құқылы.
Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде қажет болған жағдайда::
1) салық төлеушіге (салық агентіне) және (немесе) салықтық тексеруді жүргізген және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылықтарын қараған салық органдарына шағымда жазылған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмені жазбаша нысанда беру туралы сұрау салулар жіберуге міндетті;
2) мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарға осындай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге міндетті;
3) шағымда баяндалған мәселелер бойынша салық төлеушімен (салық агентімен) кездесулер өткізуге міндетті;
4) салықтық тексеруді жүргізуге қатысқан және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылықтарын қараған салық органдарының қызметкерлерінен қосымша ақпарат және (немесе) туындаған мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратуға құқылы.
Уәкілетті орган шағымды қарау жөніндегі өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар адамдарға қандай да бір ықпал жасауға тыйым салынады.
Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау үшін уәкілетті орган апелляциялық комиссия құрады.
Шағымды қарау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган апелляциялық комиссияның шешімін ескере отырып, дәлелді шешім шығарады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) шағым жасалған тексеру нәтижелері туралы хабарламаны өзгеріссіз, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыруға;
2) тексеру нәтижелері туралы шағым жасалған хабарламаның толық немесе бір бөлігінің күшін жоюға құқығы бар.
Шағым бойынша шешім жазбаша нысанда почта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберіледі немесе салық төлеушіге (салық агентіне) қолын қойғызып тапсырылады, ал көшірмесі - салықтық тексеруді жүргізген және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылықтарын қараған салық органдарына табыс етіледі.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағым жасалған хабарламаның бір бөлігінің күші жойылған жағдайда, салықтық тексеруді жүргізген салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары туралы хабарлама шығарады және оны Салық кодексінің 114-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында белгіленген мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.
Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті органға немесе сотқа шағым (арыз) беруі тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуын тоқтата тұрады.
Уәкілетті органға шағым берілген кезде тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуы шағым бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Хабарламаға сот тәртібімен азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі-АІЖК) 29 – тарауының тәртібімен шағым жасалады. АІЖК-нің 292-бабы азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органның шешіміне сотта дау айту құқығын көздейді.