Қол қойылатын бонус жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық аумақта (жер қойнауы учаскесінде) жер қойнауын пайдалану құқығын сатып алғаны үшін, сондай-ақ келісімшарттық аумақты (жер қойнауы учаскесін) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен кеңейту кезінде біржолғы тіркелген төлемі болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстың жеңімпазы болған немесе Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың бірін жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қойылатын бонусты төлеуші болып табылады:
1) барлауға арналған келісімшарт;
2) пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт;
3) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
4) геологиялық зерттеуге арналған лицензия;
5) жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия;
6) кен іздеушілік лицензиясы.
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 725-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережесі тиісті келісімшарттық аумақта (жер қойнауы учаскесінде) барлауға арналған келісімшарт шеңберінде коммерциялық табуға байланысты өндіру құқығын алуға айрықша құқық негізінде келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін "конкурс" ұғымы осы заңнамаға сәйкес өткізілетін "аукцион" ұғымына ұқсас.
Қол қойылатын бонусты төлеу мерзімдері.
Егер "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 729-бабында өзгеше белгіленбесе, қол қойылатын бонус салық төлеушіні конкурс жеңімпазы деп жариялаған күннен немесе Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушінің орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
Геологиялық зерттеуге, барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялар бойынша қол қою бонусы пайдалы қатты қазбаларды іздеу, кен іздеушілік және жер қойнауы кеңістігін пайдалану салық төлеушінің орналасқан жері бойынша бюджетке осындай лицензия берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.
Қатты пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялар бойынша қол қою бонусының төленген сомасын қайтару, есепке жатқызу жүргізілмейді.
Келісімшарттық аумақ (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде қол қойылатын бонус Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осындай кеңейту туралы өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей салық төлеушінің орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.
Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, темір жолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезінде пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығына жазбаша рұқсат алған кезде қол қойылатын бонус Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес мұндай рұқсатты алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей салық төлеушінің орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.Қол қойылатын бонус бойынша декларацияны жер қойнауын пайдаланушы орналасқан жері бойынша салық органына салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-күніне дейін табыс етеді.