Меню

Страницы

Статья

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының тәжірбиеде қолданылуы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджеттік, салықтық заңнаманы және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңымен бірқатар заңнамалық  актілерге, соның ішінде «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң 2020 жылдың 10 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

 

Оңалту және банкроттық рәсімдерін бастамашылық ету

Оңалту

Борышкер және кредитор (салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитордан басқа) уақытша төлем қабілетсіздігі кезінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Егер өтініш берілген күнге мынадай бір немесе бірнеше мән-жай болса:

1) әлеуметтік сипаттағы (өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру, алименттерді өндіріп алу, еңбек ақы және басқа қосалқы төлемдер) кредиторлар алдындағы міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап 3 ай ішінде орындалмаса;

2)  басқа кредиторлар алдындағы міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап 4 ай ішінде орындалмаса төлем қабілетсіздігі уақытша болып табылады.

Банкроттық

Борышкер орнықты төлем қабілетсіздігі кезінде оны банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Егер борышкердің міндеттемелері сотқа өтініш берілген күнге және өтініш берілген жылдың басына, сондай-ақ өтінішті күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанында берген жағдайда, өтініш берілген жылдың алдындағы жылдың басына оның мүлкінің құнынан асып кетсе, төлем қабілетсіздігі орнықты болып табылады.

Кредитор (салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитордан басқа), заңды күшіне енген сот актісі немесе борышкерден ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық құжат не борышкердің борышын мойындауы негізінде борышкердің кредитор алдындағы орындалмаған ақшалай міндеттемесі бар болған кезде, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шарасы қабылданғаннан кейінгі салықтық берешек сомасын, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешекті борышкердің өтемеуі кезінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

 

Уақытша әкімшіні және уақытша басқарушыны тағайындау

Уақытша әкімші кредиторлар талаптары тізілімін және борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны жасау үшін оңалту туралы істің  сотта қаралуы кезінде тартылады.  

Уақытша әкімші кандидатурасы хабарламалары әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар хабарламаларының тізіліміне қосылған адамдар ішінен оңалту рәсімін қолдану туралу өтінішті беруді бастамашылық етушімен (борышкермен немесе кредитормен) дербес таңдалады.

Бастамашылық етуші сотқа өтінішті бергенге дейін таңдалған кандидатпен уақытша әкімші өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісім жасайды, ол сотта оңалту туралы іс қозғалған күннен бастап күшіне енеді.  

Егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор не мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылған жағдайда, уақытша басқарушының өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісім жасалмайды.

Егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса, уақытша басқарушыны таңдау тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі №426 Бұйрығымен бекітілген қағидалармен айқындалған.

 

Оңалту және банкроттық рәсімін қолдану

Оңалту рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны ескере отырып соттың шешімімен жүзеге асырылады, ол:

- уақытша әкімшімен – оңалту туралы істің қаралуы кезінде;

- уақытша басқарушымен – банкроттық туралы істің қаралуы кезінде жасалады.

Қаржылық орнықтылық сыныптарға бөлінеді:

I сынып – қаржылай орнықты;

II сынып – банкроттық тәуекелдерімен түйіндес, бірақ қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру мүмкіндігі бар; 

III сынып – қаржылай орнықты емес.

III сыныпқа жатқызылған борышкер банкрот деп таныла алады.

Оңалту II сыныпқа, сондай-ақ кредиторлар жиналысының келісімі болған жағдайда III сыныпқа жатқызылған борышкерлерге қолданылуы мүмкін.

Сыныптар шектерін анықтау Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 372 Бұйрығымен бекітілген «Қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін есептеу және сыныптардың шекараларын айқындау қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады.

 

Кредиторлармен талаптарды мәлімдеу

Банкроттық рәсімінде кредиторлар талаптары тізілімін қалыптастыру тәртібі нақтыланған.

Атап айтқанда, кредиторлар талаптары тізіліміне талап мерзімі өткендіктен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен қарастырылған тәртіппен өндіруге жатпайтын бөлігіндегі кредитордың талабы қосыла алмайды.  

 

Кредиторлар жиналысы мен комитеті

Кредиторлар жиналысы

Жалпы қағида бойынша кредиторлар жиналысының отырысын ұйымдастыру әкімшіге жүктелген.

Алайда, кредиторлар жиналысымен оңалтуды және банкроттықты басқарушыны шеттету туралы мәселе қарастырылған жағдайда кредиторлар жиналысының отырысын ұйымдастыру кредиторлар комитетімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, кредиторларға хабарлама жолдауды, оларды тіркеуді, дауыстарды санауды кредиторлар комитетінің төрағасы жүргізеді.

Кредиторлар жиналысының күн тәртібінде, кредиторлар жиналысының тікелей құзыретіне кіретін, қарауға ұсынылып отырған   сұрақтар қамтылуға тиіс. Күн тәртібін қалыптастыру барысында кеңейтілген түсіндірмедегі тұжырымды қолдануға жол берілмейді: мысалыға «Өзге.», «Басқа да сұрақтар.» және басқаларын.

Егер жиналысқа қатысқан кредиторлар дауысының саны күн тәртібіне кіретін сұрақтар бойынша шешім қабылдау үшін жеткілікті болса, кредиторлар жиналысының күн тәртібіне кіргізілген сұрақтардың қаралуын кейінге қалдыруға жол берілмейді.

Кредиторлар жиналысының шешім қабылдауы үшін кредиторлар дауысының саны оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысында олардың қанағаттандырылуы шегі бойынша азаяды. Алайда, аталған қағида қорытынды есепті келісу сұрағын қарастыру барысында қолданылмайды.

Көрсетілген жағдайда, әр кредитор бастапқыда кредиторлар тізіліміне қосылған (кредитор дауыс беру құқығынан айырылмаған жағдайда) талаптарының көлеміне сәйкес дауыс береді.

Кредиторлар жиналысының шешіміне оны қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде рәсімнің қатысушылары шағымдала алады. 

Кредиторлар комитеті

Заң кредиторлар комитетін құру үшін қажетті негізгі талапты белгілейді – олардың құрамындағы ең төмен сан үш адамнан кем болмауы керек.

Кредиторлар комитетінің құрамына біртекті кредиторлардың әрбір тобынан бір кредитор кіреді. Бұл ретте, борышкерге бірдейлік талаптары бар басқа кредиторлардың болмауы себебі бойынша біртекті кредиторлар тобын құрамайтын кредитор, кредиторлар комитеті құрамына қосыла алады.

Кредиторлар комитетінің мүшесі үлестес тұлға немесе кредиторлар жиналысында дауыс құқығынан айырылған тұлға болмауы тиіс.

Егер сандық құрамға талаптардың сақталуы мүмкін болмаса, онда кредиторлар комитетінің өкілеттілігін кредиторлар жиналысы жүзеге асырады.

Мұндай жағдайда кредиторлар жиналысын шақыру және онда шешім қабылдау кредиторлар комитеті үшін қарастырылған тәртіпте жүзеге асырылады.

Кредиторлар комитетінің отырысы комитет мүшелерінің жалпы санының үштен екісінен кем емес қатысушысы бар болғанда заңды.

Кредиторлар комитетінің шешіміне оны қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде рәсімнің қатысушылары шағымдала алады. 

 

Жиналыстың өкiлеттiлігін комитетке беру

Кредиторлар жиналысының құзыретінен кредиторлар комитетіне келесі өкiлеттiліктер берілді:

  • банкроттың мүлкін сату жоспарын бекіту;
  • мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы шешім қабылдау;
  • өндіріп алу мүмкін емес дебиторлық берешегінің сомасын бекіту;
  • баланста бар, бірақ түгендеу актісі бойынша жоқ жылжымалы мүлікті есептен шығару туралы шешім қабылдау.

 

Оңалту рәсімінде борышкерді басқару

Оңалту рәсімінде борышкерді басқару құқығы кредиторлар жиналысымен хабарламалары әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар қатарындағы оңалтуды басқарушыға, немесе мүліктің меншiк иесiмен,  құрылтайшымен (қатысушымен) өкiлеттенген органға немесе тұлғаға беріледі.

Оңалту рәсімі барысында жиналыс бір рет қана қабылданған шешімін өзгертуге құқылы. Басқаша айтқанда, бастапқыда басқару құқығы оңалтуды басқарушыға берілген болса, онда жиналыс оңалту рәсімі барысында оңалтуды басқарушыны шеттете отырып, басқару құқығын мүліктің меншiк иесiмен, құрылтайшымен (қатысушымен) өкiлеттенген органға немесе тұлғаға беру туралы шешім қабылдауға құқылы. Бірақ кейіннен басқару құқығы оңалтуды басқарушысына қайта берілмейді.  

Егер ағымдағы кредиторлық берешек оңалту рәсімін қолданған кездегі кредиторлар талаптары сомасынан 20% асып кетуіне байланысты оңалту рәсімі тоқтатылса, онда оңалтуды басқарушысының өкiлеттiлігін жүзеге асыратын тұлға, оңалту рәсімі тоқтатылған күннен бастап екі жыл ішінде басқа борышкерлер бойынша оңалтуды басқарушысының өкiлеттiлігін жүзеге асыра алмайды (дисквалификация).

Бұл ретте мұндай тұлға уақытша әкімші, уақытша және банкроттықты басқарушы ретінде тағайындалуына болады.

 

Оңалту рәсімінде шектеулер мен ауыртпалықтарды шешу

Банкроттық рәсіміне ұқсас «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес оңалту жоспарын бекіткеннен кейін борышкердің өтініші және соттың оңалту жоспарын бекіту туралы заңды күшіне енген ұйғарымы негізінде борышкердің мүлкіне қойылған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (шоттардағы инкассалық өкімдері, мүліктегі тыйымдар және басқалар) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады.

Аталған норма оңалту жоспарын бекіту түріндегі әрекет 2019 жылғы             27 желтоқсандағы Заң қолданысқа енгеннен кейін болған жағдайда қолданылады.

 

Кепілді кредиторлар талаптарын қанағаттандыру

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 104-бабы алып тасталды.

Аталған Заңның 104-1-бабының жаңа редакциясына сәйкес кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға оның талаптарын қанағаттандыру есебіне беру банкроттықты басқарушымен кепілге салынған мүлікті бағалау мен                   күтіп-ұстаумен байланысты әкімшілік шығыстарын, сондай-ақ  республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген, 3 айдан аспайтын кезең үшін жалақының ең төмен мөлшері шегінде, бірақ кепілге салынған мүліктің бағалау құнының 15 % пайызынан аспайтын мөлшерде еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлар талаптарын өтегеннен кейін жүзеге асырылады.

Кепілді кредитор көрсетілген өтеуді тек борышкердің мүліктік массасы құрамында басқа мүліктің болмауы шартымен жасауға міндетті.

Кепілді кредиторға кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін беру үшін уақытша басқарушы сот борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікке бағалау жүргізуді ұйымдастырады.

Бұдан әрі, банкроттықты басқарушы өзі тағайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілді кредиторға пошта арқылы тапсырыс хатпен кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы ұсыныспен бірге кепілге салынған мүлікті бағалау нәтижелерін жібереді.

Бұл ретте ұсыныста жоғарыда көрсетілген кепілді кредитормен өтелуге міндетті сомалар көрсетілуі қажет (борышкердің мүліктік массасы құрамында басқа мүлік болмаған кезде). 

Кепілді кредитор банкроттықты басқарушының ұсынысын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келісімін немесе одан бас тартуын жазбаша түрде білдіруге міндетті.

Банкроттықты басқарушы көрсетілген әкімшілік шығыстар, сондай-ақ кредиторлар  талаптары өтелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға оның талаптарын қанағаттандыру есебіне береді.

Кепілге салынған мүлік:

1) кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан;

2) кепілді кредитор уақытша басқарушының ұсынысына белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған;

3) әкімшілік шығыстар мен кредиторлар талаптары толық көлемде өтелмеген жағдайларда кепілді кредиторға берілмейді және банкроттың мүліктік массасына қосылады.

 

 

 

 

Оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізу мерзімдерін ұзарту

Оңалту

Оңалту рәсімі тек бір рет 6 айға ұзартылуы мүмкін, табиғи монополиялар субъектiлерi болып табылатын не экономика үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар не қала құраушы заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдар үшін – 2 жылға.

Оңалту рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты оңалтуды басқарушы оңалту рәсімін жүргізу мерзімі өткенге дейін жиырма жұмыс күні бұрын береді.

Көрсетілген мерзімді сақтамау сотпен оңалту рәсімін жүргізу мерзімін ұзартудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Банкроттық

Ұзартуға арналған негіздердің тізімінен банкроттықты басқарушының борышкер мен оның кредиторларының мүдделеріне қарсы әдейі немесе жалған банкроттық белгілері, өзге де құқық бұзушылықтар немесе қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органдарына жүгінуі алып тасталды.

Сонымен қатар, соттың құзыретінен банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін созу бойынша өкілеттік алып тасталды.

Банкроттық рәсімін жүргізудің тоғыз айлық мерзімі «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 84-бабы                             2-тармағымен белгіленген негіздер болған жағдайда кредиторлар жиналысымен 2 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін осындай рәсімді жүргізудің жалпы мерзімі бес жылдан аспауға тиіс екені ескеріліп, қайта ұзартуға жол беріледі.

Егер банкроттық рәсімінің тоғыз айлық мерзімі 2019 жылғы                             27 желтоқсандағы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін өтетін болса, банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту жаңа тәртіп бойынша жүзеге асырылатынын назарға алу қажет. 

 

Оңалту рәсімін тоқтату

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының   82 және 83-баптарының жаңа редакциясына сәйкес банкроттық рәсіміне өтусіз оңалту рәсімін тоқтату және банкроттық рәсіміне өтумен оңалту рәсімін тоқтату жағдайлары шектелді.

Банкроттық рәсімәне өтусіз

Егер оңалту рәсімінің мақсатына қол жеткізілсе оңалту рәсімі тоқтатылады, бұл ретте борышкердің банкроттығы туралы мәселені қою үшін негіздер болмайды.

Сонымен бірге, оңалту рәсімі оңалтуды басқарушы, борышкердің мүлкінің иесі, құрылтайшысы (қатысушысы), сондай-ақ кредитордың өтініші бойынша тоқтатыла алады.

оңалтуды басқарушының өтініші бойынша:

  • борышкердің оңалту рәсімі қолданылғаннан кейін туындаған ақшалай міндеттемелерінің жалпы сомасы сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге кредиторлық берешектің жалпы сомасының жиырма пайызынан асып түскен жағдайларда (кредиторлар жиналысының оңалту рәсімін тоқтатуды бастамашылық жасау туралы шешімі қажет);
  • кредиторлар жиналысымен оңалту жоспарын келіспеу жағдайында (кредиторлар жиналысының оңалту рәсімін тоқтатуды бастамашылық жасау туралы шешімі қажет емес);
  • борышкермен заңмен белгіленген мерзімде оңалту жоспарын ұсынбау (кредиторлар жиналысының оңалту рәсімін тоқтатуды бастамашылық жасау туралы шешімі қажет емес);

мүлік иесінің, құрылтайшының (қатысушының) өтініші бойынша:

  • борышкердің оңалту рәсімі қолданылғаннан кейін туындаған ақшалай міндеттемелерінің жалпы сомасы сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күнге кредиторлық берешектің жалпы сомасының жиырма пайызынан асып түскен жағдайларда (кредиторлар жиналысының оңалту рәсімін тоқтатуды бастамашылық жасағаны туралы шешімі қажет);
  • егер оңалту жоспарын іске асыру өзінің мүдделеріне нұқсан келтірсе;
  • оңалтуды басқарушының әрекеттері (әрекетсіздігі) нәтижесінде өзінің мүдделеріне нұқсан келтірілген жағдайында;

кредитордың өтініші бойынша:

  • егер оңалту жоспарын іске асыру өзінің мүдделеріне нұқсан келтірсе;
  • оңалтуды басқарушының әрекеттері (әрекетсіздігі) нәтижесінде өзінің мүдделеріне нұқсан келтірілген жағдайында;
  • кредиторлар жиналысын өткізу туралы тиісінше хабардар етілмеген кезде.

Сондай-ақ сот оңалту жоспарын бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда оңалту рәсімі тоқтатылады.

Сонымен бірге, Заңмен оңалту рәсімі тоқтатылғаннан кейін мүдделі тұлғаларға борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге тыйым салмайды. 

Банкроттық рәсіміне өтумен

Оңалту рәсімі барысында оңалтуды басқарушы борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны:

1)    кредиторлар комитеті оңалтуды басқарушымен ұсынылатын ай сайынғы ақпаратты қарау нәтижелері бойынша осындай қорытындыны жасау қажеттігі туралы шешім қабылдаған;

2)    борышкер кредитор алдындағы талаптарды қанағаттандыру графигін үш айдан аса орындамаған кезде осындай кредитордың өтінішхатын алғанда жасайды.

Егер қорытындыға сәйкес борышкер қаржылық орнықтылықтың                        III сыныбына жатқызылса оңалту рәсімін тоқтатуды бастамашылық жасау және борышкерді банкрот деп тану жөніндегі мәселе кредиторлар жиналысының қарауына шығарылады.

Егер кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін тоқтату және борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгіну туралы шешім қабылданған кезде бұл кредиторлар жиналысында банкроттықты басқарушының кандидатурасын бір мезгілде сайлануы қажет.

 Кредиторлар жиналысының шешімі негізінде оңалтуды басқарушы он күн ішінде оңалту рәсімін тоқтату, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғаумен оны тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.

              Істі қарау нәтижелері бойынша сот оңалту рәсімін тоқтату, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғаумен оны тарату туралы шешім шығарады.

 

Әдейі және жалған банкроттық үшін жауапкершілік

«Жалған банкроттық» ұғымы, сондай-ақ ол үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасынан алып тасталды.

Әдейі банкроттық деп құрылтайшының (қатысушының), лауазымды тұлғаның, сондай-ақ дара кәсіпкердің заңды тұлға немесе дара кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейінгі үш жыл ішінде мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында жеке мүдделері немесе басқа тұлғалардың мүдделері үшін жасаған әрекеттері танылады.

Әкімшілік немесе қылмыстық соттық іс жүргізу тәртібінде әдейі банкроттық үшін кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды тұлға кредиторлар алдында өз мүлкімен субсидиарлық жауаптылықта болады.

Кредитор егер құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам әкімшілік немесе қылмыстық соттық іс жүргізу тәртібінде әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылса, мұндай талап арызбен банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін жүгінуге құқылы.

Бұл ретте мәлімделетін талаптардың мөлшері әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу барысында сот актісімен белгіленген залалдың мөлшеріне тең.

 

Әкімшілік шығыстарды өтеу

Банкроттық рәсімінде әкімшілік шығыстардың сметаларын дайындау және бекіту алып тасталды.

Банкроттықты басқарушы есепті айда төлеуге тиісті әкімшілік шығыстардың мөлшерін көрсете отырып, жұмыс нәтижелері туралы кредиторлар комитетіне ай сайын есеп беруге міндетті.

Кредиторлар комитеті аталған шығыстардың негіздігіне көрсетілген есепті қарайды және төлеуге жататын әкімшілік шығыстардың мөлшерін бекіту туралы шешім қабылдайды.

 

Салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитормен негізгі сыйақыны төлеу және әкімшілік шығыстарды өтеу 

Өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалған салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға банкроттықты басқарушының қорытынды есебі сотта қаралуы кезінде, егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында мынадай мән-жайлар:

1) борышкер мүлкінің жоқ екені;

2) борышкердің жарамсыз деп тануға жатқан мәмілелерінің жоқ екені;

3) өзіне қатысты соттың субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы шешімі заңды күшіне енген борышкер құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолдануға мүмкін болатын мүлкінің жоқ екені не аталған тұлғаларды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін негіздердің жоқ екені анықталса, уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақыны төлеу, сондай-ақ кредиторлар комитетінің шешімі бойынша өзге де әкімшілік шығыстардың орнын толтыру туралы өтінішхатты мәлімдеуге міндетті.                

 Сот банкроттықты басқарушының қорытынды есебін, тарату балансын бекітеді және олар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей банкроттық рәсімінің аяқталуы туралы ұйғарым шығарады.

 Банкроттық рәсімінің аяқталуы туралы сот ұйғарымында өтінішхатта көрсетілген сомаларды төлеу туралы нұсқау болуы керек.

 Уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақыны төлеу тәртібін, сондай-ақ өзге әкімшілік шығыстарды өтеудің тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 23 сәуірдегі №413 Бұйрығымен бекітілген қағидалармен айқындалған.

 

Дата публикации
22 апреля 2021
Дата обновления
22 апреля 2021
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

ТОП сұрақтар-жауаптар
21 октября 2026
Қандай шарттар сақталған кезде бейрезидент алған аванс (алдын ала төлем) бойынша міндеттемелер Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын оның табыс деп танылады?
ТОП сұрақтар-жауаптар
21 октября 2026
Мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғамын және Е-salyq Business қосымшасындағы «Салық әмияны» арқылы салық төледім. Неліктен әлеуметтік төлемдер өтелмеді?
ТОП сұрақтар-жауаптар
21 октября 2026
«Салық әмиянын» қателесіп толықтырдым. Ақшаны қалай қайтаруға болады?

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы