Әлемдік тәжірибеде банкроттықтың жиі қолданылатын ұғымы кәсіпорынның төлем қабілетсіздігінің жай-күйін, өз міндеттемелері бойынша есеп айырысу мүмкіндігінің болмауын білдіреді.
"Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 1-тараудың 6-бабында банкроттық ұғымын "борышкердің сот шешімімен танылған, оны таратуға негіз болып табылатын дәрменсіздігі"деп тұжырымдайды.
Банкроттық рәсімі Заңның 1-тарауының 7-бабында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім ретінде тұжырымдалады.
Оңалту рәсімі кредиторлардың талаптарын соттың қорғауымен реттеуді білдіреді. Борышкерге қатысты ол енгізілген жағдайда, оңалту, басқалармен қатар, борышкерге қатысты кез келген сот актілерінің орындалуын тоқтата тұруды (мысалы, салықтар бойынша берешекті қоса алғанда, ақша қаражатын өндіріп алу туралы), борышкердің банктік шоттарынан ақшаны өндіріп алуға тыйым салуды, сондай-ақ берешекке қатысты қандай да бір тұрақсыздық айыбы мен сыйақыларды есептеуді тоқтата тұруды және т.б. көздейді.