1. Шот-фактураны жазып беру нысаны
Шот-фактура электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде (ЭШФ АЖ) электрондық нысанда жазып беріледі.
Қағаз жеткізгіште шот-фактураны мынадай жағдайларда жазып беруге рұқсат етіледі:
• салық төлеушінің орналасқан жерінде жалпыға ортақ телекоммуникация желісінің болмауы;
• техникалық қателерге байланысты ЭШФ жазып берудің мүмкін еместігі туралы расталған ақпараттың болуы;
• Салық кодексінің 88-бабына сәйкес ЭШФ жазып берудің тоқтатыла тұруы;
• төтенше жағдай немесе төтенше ахуал кезеңінде.
Бұл ретте қағаз жеткізгіштегі шот-фактура ЭШФ АЖ-ға:
• техникалық қателер жойылған немесе шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру күшінің күші жойылған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде;
• төтенше жағдай немесе төтенше ахуал кезеңі аяқталған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде енгізілуге тиіс.
2. Қағаз жеткізгіштегі шот-фактураға қойылатын талаптар
Қағаз жеткізгіштегі шот-фактура электрондық шот-фактураның нысаны бойынша екі данада жазып беріледі. Оның бір данасы тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді алушыға тапсырылады. Қағаз шот-фактурада электрондық нысанда көзделмеген қосымша мәліметтерді көрсетуге болады.
3. Валюта
Шот-фактурадағы құндық және сомалық көрсеткіштер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңгемен көрсетіледі.
4. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің деректемелері
Егер тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді беруші не алушы заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі болса, белгіленген талаптар сақталған жағдайда шот-фактурада осы құрылымдық бөлімшенің деректемелерін көрсетуге рұқсат етіледі.
5. Айналым жасалған күн және айналым мөлшері
Айналым жасалған күн Салық кодексінің 460-бабына, ал айналым мөлшері 461 және 462-баптарына сәйкес айқындалады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі жаңа Салық кодексінің нормалары қолданылады.
Егер ұйым коммерциялық емес ұйымға көмек көрсетсе?
Салық кодексінің 337-бабына сәйкес, салық төлеуші белгіленген шектерде қайырымдылық көмегінің сомасы мен өтеусіз берілген мүліктің құнын салық салынатын кірістен шегеруге құқылы:
▪️ 3%-ға дейін — көлденең мониторингке қатысушыларды қоспағанда, ірі салық төлеушілер мониторингінде тұрған салық төлеушілер үшін;
▪️ 4%-ға дейін — басқа салық төлеушілер үшін.
Шегерімді қолдану үшін тиісті құжаттар болуы және 337-баптың талаптары сақталуы қажет.
Бұл — КТС сомасын емес, салық салынатын кірісті азайту.
Егер коммерциялық емес ұйым көмек алса?
Салық кодексінің 329-бабына сәйкес, белгіленген талаптарға сай келетін коммерциялық емес ұйымдар біліктілік талаптарына сәйкес өтеусіз алынған көмекті жылдық жиынтық кіріске қоспауға құқылы.
Бұл ретте коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық нысаны, қызметінің сипаты және Салық кодексінің талаптарын сақтауы ескеріледі. Төлемнің «қайырымдылық көмегі» деп аталуы КТС-тан босатуға өздігінен кепілдік бермейді.
Қандай құжаттар қажет?
Көмек көрсету туралы шарт;
Көмек алушының өтініші және демеуші ұйымның шешімі;
Төлем тапсырмасы немесе мүлікті қабылдау-тапсыру актісі;
Мүліктің құнын және көмек алушының мәртебесін растайтын құжаттар.
Маңызды: салықтық есепке алу тәртібі ұйымның мәртебесіне, көмектің түріне және Қазақстан Республикасы Салық кодексінің талаптарының сақталуына байланысты.
Карусельде шекті мән, аванстық төлемдерді есептеу тәртібі, 101.02 салықтық есептілік нысанын ұсыну мерзімдері, сомаларды түзету, төлеу мерзімдері және әкімшілік жауапкершілік туралы ақпарат берілген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 69-бабының 3-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша келіп түскен өтініштер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, «Электрондық өтініштер» ақпараттық-талдамалық жүйесінде есепке алынуға және тиісінше
e-Өтініш платформасы арқылы қаралуға жатпайды.
Мемлекеттік қызметтерді алу үшін тиісті электрондық сервистер мен ақпараттық жүйелерді пайдалану қажет:
Электрондық үкімет порталы — eGov.kz және eGov Mobile мобильді қосымшасы;
Салық төлеушінің кабинеті — қолжетімді электрондық салық қызметтерін алу үшін;
e-Salyq Azamat және e-Salyq Business мобильді қосымшалары — олардың функционалында көзделген салық сервистерін пайдалану үшін;
Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері, оның ішінде KEDEN және басқа да мамандандырылған сервистер — қажетті қызметтің түріне қарай пайдаланылады.
e-Өтініш платформасы өзінің функционалдық мүмкіндіктері шегінде мемлекеттік органдарға өтініштер, арыздар, шағымдар мен ұсыныстар жолдауға арналған.
Мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтініш берген кезде осы ақпаратты ескеріп, өтініштің мақсатына сәйкес тиісті электрондық сервисті таңдауыңызды сұраймыз.
Тауарлар шығарылғаннан кейін де кеден органдары бақылауды жалғастырады. Кедендік бақылаудан кейінгі бақылау барысында жиі кездесетін бұзушылықтар:
Тауарларды СЭҚ ТН бойынша дұрыс сыныптамау — сыныптау қағидаларын дұрыс қолданбау салдарынан тауардың дұрыс емес кодын көрсету.
ҚҚС-ты есепке жатқызу әдісімен қолдану кезіндегі бұзушылықтар — оның ішінде ҚҚС төлеу тәсілі өзгерген кезде қажетті түзетулерді енгізбей тауарларды өткізу.
Тауарлардың кедендік құнын дұрыс көрсетпеу — кедендік құнды айқындау әдісін дұрыс таңдамау, оның құрылымы мен мөлшерін дұрыс анықтамау, сондай-ақ мәліметтерді құжатпен растамау.
Декларант қандай жағдайда жауапкершілікке тартылмауы мүмкін?
ҚР «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің 150-бабында әкімшілік жауапкершіліктен босату жағдайлары көзделген. Атап айтқанда:
бұзушылықты тауар шығарылғанға дейін өз бетінше анықтап, жою;
кеден органының хабарламасы бойынша бұзушылықты белгіленген мерзімде жою;
заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып, талап қою мерзімі ішінде бұзушылықты ерікті түрде жою;
егер өзгерістер төлемдер мөлшеріне және тыйымдар мен шектеулердің сақталуына әсер етпесе, кедендік декларациядағы қателерді түзету;
егер есептелген төлемдер сомасы 500 АЕК-тен аспаса, қосымша есептелген сомаларды белгіленген мерзімде толық төлеу;
электрондық декларациялау ақпараттық жүйесінде туындаған және уәкілетті орган растаған техникалық ақаулар.
Маңызды!
Заңда көзделген жағдайларда бұзушылықтарды уақтылы анықтап, жою әкімшілік жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік береді.
Салық есептілігін тапсыру мерзімінің жақындағанын еске саламыз. Салық міндеттемелерін уақытылы орындап, қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, тапсыруды сұраймыз.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер
комитеті өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың өткізілуін бақылауды жүзеге асыру шеңберінде келесіні хабарлайды. Кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру, ұшқышсыз ұшу аппараттарын (бұдан әрі – ҰҰА) сәйкестендіру, сондай-ақ нақты ҰҰА туралы мәліметтерді олардың айналымы мен пайдаланылуының әртүрлі кезеңдерінде өзара салыстыру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік кірістер департаменттері ЕАЭО СЭҚ ТН 8806 тауар позициясында сыныпталатын ҰҰА-ны кедендік ресімдеу кезінде тауарларға арналған декларацияның 31-бағанында әрбір ҰҰА-ның атауы, моделі және өзге де мәліметтерімен қатар сериялық (зауыттық) нөмірінің міндетті түрде көрсетілуін қамтамасыз етсін.
Электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру қағидалары мен ЭШФ нысанына өзгерістер енгізілді. Бухгалтерлер мен кәсіпкерлер құжаттарды рәсімдеу және есепке алу бағдарламаларын баптау кезінде жаңа талаптарды ескеруі қажет.
Терминология және қол қою
Қағидаларда «ЭШФ ақпараттық жүйесі» ұғымының орнына «электрондық шот-фактуралардың цифрлық жүйесі» ұғымы енгізілді.
Сонымен қатар, ЭШФ-ны Цифрлық кодекске сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) куәландыру тәртібі нақтыланды.
ЭШФ нысаны
ЭШФ нысанының бөлімдері мен деректемелері, сондай-ақ өнім берушілер мен алушылардың жекелеген санаттары бойынша мәліметтер нақтыланды.
Атап айтқанда, комитенттер, комиссионерлер, экспедиторлар, лизинг берушілер, лизинг алушылар және бірлескен қызметке қатысушыларға қатысты деректерді көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ жекелеген бағандардың нөмірленуі өзгертілді.
Қаржылық лизинг
Қаржылық лизинг бойынша тауардың саны, құны және сәйкестендіргіші туралы мәліметтерді толтыру тәртібі нақтыланды.
Мерзімдерге назар аударыңыз!
• Тауарларға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) қабылданбаған жағдайда, оның негізінде жазып берілген ЭШФ бойынша түзетілген ЭШФ үш жұмыс күнінен кешіктірілмей рәсімделуі қажет.
• Егер күші жойылатын ЭШФ-ға қосымша ЭШФ жазып берілген болса, оны түзетілген ЭШФ жазып берілген күннен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде қалпына келтіру қажет.
Не істеу керек?
Өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін:
— ЭШФ нысандарын тексеріңіз;
— есепке алу бағдарламасындағы бағандардың сәйкестігін тексеріңіз;
— жасалатын операцияларға сәйкес құжаттарды рәсімдеу тәртібін қайта қараңыз.
Негіздеме: Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 646 бұйрығы.
Өзгерістер 2026 жылғы 13 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Естеріңізге саламыз,
мүлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуына 3 күн қалды!
Жеке тұлғалардың мүлік салығы есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірілмей төленуі тиіс.
Төлем жасау кезінде:
БСК — 104102
КНП — 911
Салық салық салу объектісі орналасқан жер бойынша бюджетке төленеді.
Салықты уақытылы төлеу берешектің туындауына жол бермейді!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.
Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Кодекстің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылады.
Кодексте белгіленген қызметтік әдеп стандарттары барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті.