2026 жылдан бастап ҚҚС тіркеу тәртібі өзгереді
Бүгін Мемлекеттік кірістер комитетінде жаңа Салық кодексіндегі қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеу тәртібіне қатысты өзгерістер түсіндірілген баспасөз конференциясы өтті.
Негізгі өзгеріс — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС бойынша есепке қоюдың жаңа тәртібі енгізіледі.
ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Әзімшайық Еділдің айтуынша, бұл өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, бизнес үшін ашықтықты арттыруға бағытталған.
ҚҚС бойынша есепке қоюдың үш түрі қарастырылған:
• ерікті — қалауы бойынша;
• міндетті — айналымы 10 000 АЕК-тен (≈43 млн тг) асқанда;
• шартты — электрондық қызмет көрсететін немесе онлайн сауда жасайтын шетелдік компаниялар үшін.
2026 жылдан бастап арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер ҚҚС төлеуші бола алмайды.
Бұл мәртебені сақтау үшін жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшу қажет.
Таңдалған режим туралы хабарлама 2026 жылғы 1 наурызға дейін тапсырылады.
Ал жеңілдетілген режимде қалатындар 2025 жылдың соңына дейін ҚҚС бойынша есептен шығуы тиіс.
Барлық тіркеу және есептен шығару өтініштерін онлайн түрде Салық төлеушінің кабинеті немесе eGov.kz порталы арқылы беруге болады.