Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазанда аяқталатынын хабарлайды.
Жеке тұлғалардың мүлік салығы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы айқындаған салық салу объектілерінің құны және оларды меншік құқығында иеленудің нақты мерзімі туралы мәліметтер негізінде есептелінеді.
Ағымдағы жылдың маусым айында Абай облысы бойынша 162 млн. теңге сомасында 2025 жылға жеке тұлғалардың мүлкіне салық есептелініп және осы есептелген сомалары туралы салық төлеушілерді хабардар ету мақсатында e-salyq azamat және eGov mobile қосымшалары арқылы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің (Каспий банкі, Halyk Bank) сервистері арқылы PUSH хабарлама жіберілді. Бұл салық төлеушілердің едәуір бөлігін хабардар етуді қамтамасыз етіп, бүгінгі күндегі жағдай бойынша есептелген салық сомасының 77 % төленді.
2026 жылғы 2 қазаннан бастап кешіктірілген әрбір күн үшін салықты төлемеген тұлғаларға өсімпұл есептеліп, салық берешегінің бар екендігі туралы хабарлама жіберіледі. Егер 30 күн өткеннен кейін салық төленбесе және қарыз сомасы 1 АЕК-тен асса, салық бұйрығы шығарылады, оны 5 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Орындалмаған жағдайда, іс жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі. Жеке сот орындаушылар мүлікке тыйым салу және алып қою, шоттарды бұғаттау, ал берешек 40 АЕК - тен жоғары болғанда елден шығуға тыйым салу сияқты мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Жеке сот орындаушылары берешек сомасынан бөлек өз қызметтері үшін берешек сомасының 25% - на дейінгі мөлшерде қосымша соманы өндіріп алуға құқылы.
Азаматтар есептелінген салықты E-salyq azamat мобильді қосымшалары және екінші деңгейлі банктер, электрондық үкімет порталында (eGov.kz), сондай-ақ банк карталарын пайдалана отырып, банкоматтар мен төлем терминалдары арқылы төлемді жүргізе асыра алады.
Қосымша шығындармен қолайсыздықтарды болдырмау үшін азаматтарға салықты уақтылы төлеуге кеңес береміз.
Мүлік салығынан кімдер босатылады?
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес жеңілдік санатындағы азаматтар белгіленген шекте мүлік салығын төлеушілер болып саналмайды:
- Кеңес Одағының батырлары, Социалистiк Еңбек ерлерi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған, үш дәрежелi Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен марапатталған тұлғалар. Бұл азаматтардың құны 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мүліктері салықтан босатылады (2025 жылы 1000 АЕК = 3 932 000 теңге);
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар, сондай-ақ мүгедектігі бар тұлғалар. Бұл тұлғаларға толық жеңілдік беріледі: олардың иелігіндегі барлық жер учаскелері (үй асты жері, бау-бақша, гараж жері және т.б.) салықтан босатылады. Сонымен қатар, барлық жылжымайтын мүліктің жалпы құны 1500 АЕК-ке дейін салық салынбайды (2025 жылы 1500 АЕК = 5 898 000 теңге);
- Жетім балалар және 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар өз меншігіндегі барлық мүлік түрлеріне 18 жасқа толғанға дейін мүлік салығынан толық босатылады. Жеңілдік тұрғын үйлерге (пәтерлерге), саяжай құрылыстарына, гараждарға және тұрғын үйге, қосалқы шаруашылыққа, бау-бақшаға, саяжайға немесе гаражға арналған жер учаскелеріне қолданылады;
- Бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі өз меншігіндегі тұрғын үйге тиесілі жер телімдеріне салық төлеуден босатылады. Яғни, тұрғын үйдің асты жеріне, үй жанындағы жерге, гараж жеріне салық төлемейді. Назар аударыңыз: бұл жеңілдік тек жер учаскесіне қолданылады, ғимараттың өзіне салық төлеуден босатпайды;
- «Алтын алқа» алқасымен марапатталған немесе «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар, сондай-ақ жеке тұратын зейнеткерлер (Жеке тұратын зейнеткер – тұрғылықты мекенжайы бойынша тек қана зейнеткерлер тіркелген азамат.) тұрғын үйіне қатысты жер телімдеріне және құны 1000 АЕК-ке дейінгі мүліктеріне салық төлеуден босатылады (2025 жылы 1000 АЕК = 3 932 000 теңге).