Халықаралық тасымалдау кезінде жолда күтпеген жағдайлар

Халықаралық тасымалдау кезінде жолда күтпеген жағдайлар жиі орын алады: көліктің бұзылуы, кедендік пломбалардың зақымдалуы, маршруттың өзгеруі немесе тауарды шұғыл түрде басқа көлікке қайта тиеу қажеттілігі.

Мұндай жағдайларда айыппұлдар мен заң бұзушылықтарды болдырмау үшін Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 170 Шешімінің талаптарын қатаң сақтау қажет. Бұл құжат стандартты емес жағдайлардағы іс-қимыл алгоритмін реттейді.

Департамент тасымалдаушылардың назарына 3 маңызды ережені ұсынады:

  1. Транзит мерзімін ұзарту: Егер кептеліс немесе ақау салдарынан тауарды уақытында жеткізу мүмкін болмаса, белгіленген мерзім аяқталғанға дейін жақын маңдағы кеден органына өтініш беру қажет. Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қарастырылады.
  2. Жеткізу орнын өзгерту: Егер тауарды қабылдаушының мекенжайы өзгерсе, жүргізуші жол бойындағы кез келген кеден органына жүгіне алады. Рұқсат жаңа коммерциялық құжаттар негізінде 1 жұмыс күні ішінде беріледі.
  3. Жүкті қайта тиеу (жүк операциялары): Тауарды басқа көлікке ауыстырып тиеу немесе тіркемені ауыстыру тек кеден органының рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Егер пломбаларды бұзбай тек тартқышты (тягач) ауыстыру қажет болса, кеденді тек хабардар ету жеткілікті.

Заң бұзушылықтардың алдын алу және жүктердің кешігуін болдырмау үшін транзиттік декларациядан кез келген ауытқуды уақытылы ресімдеуді сұраймыз.

Дата публикации
15 сентября 2026