Жер қойнауын пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларының өзгеруі туралы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу тәртібіне өзгерістер көзделген.   
         Атап айтқанда, қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензия негізінде берілген жер қойнауы учаскелері үшін төлемақы ставкалары өзгертілді. Төлемақы мөлшері енді лицензияның қолданылу мерзіміне және блоктар санына байланысты болады:           
         1-ден 36-айға дейін – бір блок үшін 15-тен 40 АЕК-ке дейін;
         37-ден 60-айға дейін – 1 блок үшін 23-тен 60 АЕК-ке дейін;
         61-ден 84-айға дейін – бір блок үшін 32-ден 80 АЕК-ке дейін;
         85-айдан бастап және одан әрі – 1 блок үшін 60-тан 100 АЕК-ке дейін.
         Салық кодексінің 621-бабына сәйкес, төлемақы лицензия шеңберінде берілген әрбір блок үшін салық кезеңінің 1 қаңтарына белгіленген АЕК есебімен есептеледі.
         Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес қатты пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге лицензия берілген аумақ блок деп танылады. Әрбір блоктың оны сәйкестендіретін координаттары және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган беретін жеке коды болады.
         Осылайша, төлемақы мөлшері лицензияның қолданылу мерзімі мен блоктар санының артуына қарай өсіп отырады.
         Төлемақыны есептеу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар лицензия мерзімін, блоктар санын және Салық кодексінің 621-бабында белгіленген АЕК-тегі тиісті ставканы ескеруі қажет.

Дата публикации
11 сентября 2026