ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ: МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, САПАЛЫ КӨМЕК ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ ДӘРІЛІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

0

Бауыржан Жүсіпов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы

Халық санының өсуі мен медициналық қызметке деген сұраныстың артуы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуды талап етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ана мен балаға мамандандырылған көмек көрсетуді жетілдіру, өңірлердегі медициналық ұйымдардың әлеуетін арттыру және жаңа нысандар салу жөнінде нақты міндеттер белгіледі.

«Елімізде халық саны қарқынды өсіп келеді. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – аса маңызды міндеттердің бірі», – деп атап өтті халыққа Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында алдағы үш жылда балалар ауруханаларын, перинаталдық және оңалту орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс.

Ана мен бала денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыстар келешек ұрпақтың саулығын қамтамасыз етуге негіз болады.

Аталған жобалар педиатрия саласындағы диагностикалық және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, күрделі хирургиялық оталар мен жоғары технологиялық медициналық араласуларды елімізде жүргізуге жол ашады. Әртүрлі бейіндегі мамандардың тәжірибесін бір орталыққа шоғырландыру арқылы балаларға көрсетілетін көмектің сабақтастығы мен тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар бұл бастамалар отандық клиникалардың әлеуетін күшейтіп, күрделі дертке шалдыққан кішкентай пациенттерді емдеу үшін шетелге жіберу қажеттілігін азайтуға ықпал етеді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы баяндай келе, жаңа нысандарды орналастыру кезінде өңірлердің нақты қажеттіліктері ескерілетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердің жаңа медициналық нысандарға қажеттілігіне медициналық-демографиялық ахуал мен тиімділік өлшемшарттарын ескере отырып, талдау жүргізуді бастады», – деді министр.

Бұл ретте халық санының динамикасы, демографиялық ерекшеліктер және медициналық қызметке деген сұраныс негізгі өлшемшарттар ретінде қарастырылады. Мұндай жоспарлау жаңа инфрақұрылымды тиімді орналастырып, өңірлер арасындағы медициналық қызмет сапасының алшақтығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Саланың тұрақты дамуы заманауи ғимараттар мен технологияларға ғана емес, білікті мамандардың еңбегіне де байланысты. Сондықтан алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының учаскелік қызметкерлерін әлеуметтік және материалдық қолдау мәселесі ерекше маңызға ие.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылғы 1 қаңтардан бастап 77 мыңнан астам маманның үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысына қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр.

Бұл шешім алғашқы буындағы медицина қызметкерлерінің еңбекке деген ынтасын арттыруға, тәжірибелі кадрларды ұстап қалуға және ауылдық жерлердегі маман тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Учаскелік дәрігерлер мен мейіргерлер аурудың алдын алу, ерте диагностикалау және халықтың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстау ісінде маңызды рөл атқарады.

Фармация саласы үшін де қолға алынған өзгерістердің маңызы зор. Жаңа ауруханалар мен мамандандырылған орталықтардың тиімді жұмысы заманауи жабдықтармен жарақтандырумен қатар, сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үздіксіз жеткізілуіне байланысты.

Әсіресе балалар хирургиясы, неонатология және шұғыл медицина бағыттарында қажетті препараттардың уақтылы қолжетімді болуы ерекше мәнге ие. Осыған орай дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, фармацевтикалық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және медициналық ұйымдардың қажеттіліктерін ескеру өзекті міндеттердің бірі болып қала береді.

Осы ретте Фармация комитеті тарапынан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, фармацевтикалық нарықтағы заңнама талаптарының сақталуын қадағалау мәселелері тұрақты назарда болады. Сонымен қатар дәрілік препараттардың айналымындағы ашықтықты арттыру, сапасыз және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің нарыққа түсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Біздің негізгі міндетіміз – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, қажетті дәрілік заттарды уақтылы әрі қолайлы жағдайда алуына ықпал ету. Әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау, балалар ауруларын емдеу және шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде қолданылатын препараттардың сапасы мен қолжетімділігіне ерекше мән беріледі.

Ана мен бала денсаулығына жасалған қамқорлық – елдің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді дәйекті орындау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ халықты сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік.

https://baq.kz/qazaqstanda-70-ke-zhuyq-meditsinalyq-nysan-salynady-dari-darmekpen-qamtu-qalay-ozgeredi-320051747/