| Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығымен бекітілген |
1. Осы Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламенті (бұдан әрі – Үлгі регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.06.2021 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Осы Үлгі регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;
4) жергілікті өзін-өзі басқару – халық тікелей жүзеге асыратын, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;
5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.
3. Жиналыс регламентін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты бекітеді.
3-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.
Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:
1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5-10 мүшесі;
2) 10-15 мың халық – жиналыстың 11-15 мүшесі;
3) 15-20 мың халық – жиналыстың 16-20 мүшесі;
4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21-25 мүшесі.
Ескерту. Үлгі регламенті 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3-2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.
Ескерту. Үлгі регламенті 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3-3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін осы Үлгілік регламенттің 3-2-тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.
Ескерту. Үлгі регламенті 3-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2021 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;
аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.