1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
Осы Заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады, оған мыналар:
1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;
2) кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;
3) іссапар шығыстарын жүзеге асыруға байланысты көрсетiлетiн қызметтер;
4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма және оны орындау шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
5) жарналар (салымдар) енгізу, оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;
6) ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар және олармен үлестес заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ведомстволары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;
7) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер;
8) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
9) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер қосылмайды. Жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:
шетелдік банктің шетел валютасында Standard & Poor's агенттігінің "А"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің біреуінің ұқсас деңгейдегі рейтингі болса;
қаржыландырудың елу пайыздан астамын шетелдік банктер жүзеге асырса;
инвестициялық жобаны іске асыруды мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асырса;
инвестициялық жобаны іске асыру мемлекеттік кепілдікті талап етпесе және қарыз алушының мүлкіне ауыртпалық салуға әкеп соқпаса, басқа шетелдік банктер толықтай немесе ішінара қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы банктердің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;
1-1) аукцион адымы – аукцион нысанасының бағасы төмендетілетін ақшалай аралық;
2) әлеуетті өнім беруші – мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшiн өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға осы жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, әлеуеттi өнiм берушi болуы мүмкiн;
3) әлеуетті өнім берушінiң үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi өнiм берушiнiң шешiмдерiн айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;
4) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға арналған өтінімге қоса берілетін, аукцион нысанасының бөлінген сомасынан бес пайыздан астам төмен бола алмайтын баға;
4-1) біліктілік органы – әлеуетті өнім берушілерді алдын ала біліктілікті іріктеуді жүзеге асыратын және білікті өнім берушілер тізбесін қалыптастыратын, уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
5) бiртектi тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бiрдей болмаса да, сол бiр функцияларды орындауына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;
6) мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары – дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекеттік кәсіпорындарға, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызының әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді;