2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыруды жүргізу тәртібі
4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мына мәселелер:
бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;
кент, ауыл бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
кент, ауыл әкімі аппаратының кент, ауылдың коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі шешімдерін келісу;
бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
кент, ауыл бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
кент, ауылдың коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
кент, ауыл әкімін сайлауды өткізуге қала мәслихатына одан әрі ұсыну үшін кент, ауыл әкімінің қызметіне қала әкімі ұсынған кандидатураларды келісу;
кент, ауыл әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелері бойынша өткізіледі.
5. Жиналысты кент, ауыл әкiмдері дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылуы мүмкін.
Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.
Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.
6. Жиналысқа шақыру уақыты, шақырылым орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге тәсілдермен хабардар етіледі.
Әкімнің аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында жиналыстың мүшелеріне және әкімге жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей ұсынады.
7. Жиналысты шақыру алдында әкімнің аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.
Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
8. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.
Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.
9. Жиналыстың күн тәртібін кент, ауыл әкімінің аппаратының жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.
Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.
Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.
Жиналысты шақырудың күн тәртібін жиналыс бекітеді.
Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
10. Жиналысты шақыруға олардың мәселелері онда қаралатын қала мәслихатының депутаттары, қала әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ жиналысты шақыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатыса алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
11. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламентін төраға айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсіндіру және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.
Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады.
Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз болмайды.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі
12. Жиналыс өзінің құзіреті шеңберінде шақырылымға қатысушы жиналыс мүшелерінің көпшілік дауысымен шешім қабылдайды.
Дауыстар тең болған жағдайда, жиналыстың төрағасы шешуші дауыс беру құқығын пайдаланады.
Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:
1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;
2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;
3) өзге де қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;
4) жиналыстың төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және екі жұмыс күн ішінде кент, ауыл әкімдеріне беріледі.
13. Жиналыста қабылданған шешімдерді кент, ауыл әкімдері бес жұмыс күні мерзімінде қарайды.
Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешіміне келіспеушілігін білдіруге құқылы, осындай келіспеушілік тудырған мәселелер Регламенттің 2-тарауында көзделген тәртіпте қайта талқылау жолымен шешіледі.
Кент, ауыл әкімдерінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті қала мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.
14. Кент, ауыл әкімнің аппараты кент, ауыл әкімдерінің жиналыс шешімдерін қарау нәтижелерін бес жұмыс күн ішінде жиналыстың мүшелеріне жеткізеді.
15. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және кент, ауыл әкімдері мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
16. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді кент, ауыл әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.