
Астанада «Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығы: Болашаққа қадам» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Шара мақсаты - бастауыш сынып оқушыларының жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, олардың функционалдық сауаттылығынар арттыру үшін тиімді педагогикалық әдіс-тәсілдер және инновациялық технологияларды қолдану тәжірибесін айқындау.
Семинарға білім басқармаларының басшылары, әдістемелік орталықтардың басшылары, әдіскерлер, білім беру ұйымының басшылары мен директорлардың орынбасарлары, бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
Шара барысында секциялық отырыстар мен пленарлық мәжіліс өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы алғы сөз алды.
«Мұғалімге ата-аналар өздерінің ең қымбаттысын, яғни балаларын сеніп тапсырады. Әр ата-ана үшін бүлдіршіндерінің мектеп табалдырығын аттауы – үлкен уайым, үлкен дайындықты қажет етеді. Сондықтан бастауыш сынып педагогтеріне артылатын жүк үлкен. Қазіргі заманда ұстаздар өз пәнінің білгірі болып қана қоймай, педагогикалық, психологиялық, ақпараттық да сауатты болу керек. Білім беруде жаңашылдыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істей алатын, оқыту технологияларын меңгерген шебер тұлға болу қажет. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түсетіні сөззсіз. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», деп Мағжан Жұмабаев айтқан еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осы сөзді қайта тірілтіп, ұстаздардың мәртебесін заңмен бекітті. Еңбектеріңіз табысты болсын!»,-деді Қаныбек Жұмашев.
Ал, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Каратабанов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әсел Сағадатқызы бастауыш білім беру жүйесін дамыту туралы баяндама жасады. Семинар соңында еркін пікір алмасу болды.