2023-2024 жаңа оқу жылының басталуы туралы жиналыс өткізілді

2023-2024 жаңа оқу жылының басталуы туралы жиналыс өткізілді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қ.Б.Жұмашев облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім беру басқармаларының және Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департамент басшыларыменен тікелей эфирде жиналыс өткізді.

Жиналыста еліміздегі білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау барысында бірқатар жұмыстар атқарылғандығын атап өтті. Биыл 260 мектепте күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болатын, бүгінгі күні 200-ге жуық нысанда жұмыстар аяқталып, сабақ басталып кетті, осылайша 150 мың оқушы жөнделген мектеп ғимараттарына кірді. Сонымен қатар, оқу жылында барлығы 132 мың орындық 154 мектепті салу жоспарланған. Жаңадан салынған 55 мың орындық 39 мектеп пайдалануға берілді. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін шешті.

Білім ұйымдарындағы маңызды жұмыстардың бірі – оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру. Бұл тікелей мектеп басшыларының міндеті. Олардың жұмысын қадағалау, әрі сапалы ұйымдастыруын бақылау білім бөлімдері мен басқармалардың міндеті.

Соңғы күндері Астана мен Көкшетау қалаларындағы мектептерде оқушылардың үзіліске шыққанда және сыртқы киімдерін алу кезінде кезек сақталмай, ішкі тәртіпті өрескел бұзу фактілері және Көкшетау қаласындағы мектепте сабақ кестесінің дұрыс жоспарланбағаны үшін Астана қаласы және Ақмола облысы әкімдерінің атына білім басқармалары басшыларына қатысты бақылауды төмендеткені үшін тәртіптік шара қолдану жөнінде министрліктен ұсыным-хат жолданатын болады. Осындай мәселелерді қатаң бақылауда ұстау жөнінде облыстық білім басқармаларына тамыз айында өткен арнайы жиналыстарда да ескертілген болатын.

Жоғарыда аталған фактілер мектеп басшыларының өз міндеттерін атқаруда жауапсыздық танытқанын және білім бөлімдері мен басқармалар тарапынан бақылаудың әлсіздігін көрсетеді.

Жиналыс қорытындысы бойынша білім басқармаларының басшыларына қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқару, білім ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне бақылауды күшейту, жоғары деңгейдегі тәрбие мен білім сапасын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болу, өңірлердегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне білім ұйымдарында оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына бақылауды күшейту, оның ішінде үш ауысыммен оқитын мектептерге ерекше назар аудару, қалалық, аудандық білім бөлімдері және мектеп директорларымен кеңестер өткізу, мектепішілік бақылаудың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу, мониторинг нәтижесі бойынша тәуекелдерді анықтап, білім басқармаларына шара қолдануға министрлікке ұсыныстар жолдау туралы тапсырмалар берілді.