«Сапалы білім «Bilimdi Ùlt» Ұлттық жобасы

«Сапалы білім «Bilimdi Ùlt» Ұлттық жобасы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес және Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Ұлттық жобаларды әзірлеу әдістемесіне сәйкес  «Сапалы білім «Bilimdi Ùlt» Ұлттық жобасының жобасын (бұдан әрі – Ұлттық жобаның жобасы) әзірледі.

 

Ұлттық жобаның жобасы жұртшылық өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен және басқа да мүдделі органдар мен ұйымдармен талқыланды, ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықталды.

 

Ұлттық жоба жобасының көрсеткіштері келесі құжаттарды іске асыруға бағытталған:

 

- 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы;

 

- Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы;

 

- Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту туралы;

 

- Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары;

 

- «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы.

 

Ұлттық жобаны қабылдау балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайту және бала дамуының жаңа моделін енгізу арқылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуды қамтамасыз етеді.

 

Орта білім беруде өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша бірқатар шара көзделген. Сондай-ақ ұлттық жобаның міндеттерін іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Жастарды қолжетімді және сапалы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету үшін гранттар санын ұлғайту, дуалдық оқытуды дамыту және «Жас маман» жобасын іске асыруды жалғастыру жоспарлануда.

 

Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «20 академиялық артықшылық орталықтарын құру» жобасын іске асыру, жоғары оқу орындарын зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдай жасау жоспарланған.