2021 жылғы 5 тамызда педагогтердің Тамыз конференциясын өткізу аясында «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК-ның алаңында «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан – іске» панельдік сессиясы өтті.
Еліміздің 2 мыңнан астам қосымша білім беру педагогтары бір мезгілде 20 онлайн алаңда халықаралық тәжірибені ескере отырып, балаларға қосымша білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін белсенді талқылады. Онлайн диалог және пікірталас алаңдары режимінде қосымша білім беру педагогтеріне қосымша білім берудің заманауи тәжірибелерінің презентацияларымен кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігі берілді.
Спикерлер оқушылардың дебаттық қозғалысын, өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша республикалық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды, технологиялық білім берудің жаңа форматтары, туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық қызметтегі инновациялар туралы айтты, балалардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың көркем-эстетикалық, музыкалық шығармашылығын дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.
Балаларға қосымша білім беру жүйесін дамытудың маңызды аспектілерін талқылай отырып, секция қатысушылары халықтың бай дәстүрлерін сақтау және танымал ету, рухани байыту, сананың ашықтығы, жаһандық ынтымақтастық, өңірлік және жаһандық кеңістікте кең және икемді өзара іс-қимыл жасау қабілеті арқылы жоғары адамгершілікті қалыптастыруға бағытталған алдағы басымдықтарды анықтады.