
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Ж. Жайымбетов құрылыс салушылар мен тұрғын үй кооперативтері мүшелерінің қатысуымен Нұр-сұлтан қаласының бірқатар проблемалық нысандарының құрылыс барысымен танысты.
2020 жылдың соңына дейін алданған 3569 үлескер бар «Жеті Жол» ТК, «Гарант» ТК, «Баспана Көктал» ТК, «Шығыс» 1А, 1В, 2А, 2В, 3А, 3Б проблемалық объектілер тобы және «Айсанам De Luxe» ТК сияқты объектілер пайдалануға беріледі.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан және республикалық бюджеттен бөлінген 78,5 млрд. теңге есебінен барлық проблемалық нысандар салынып жатыр.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы айналып өтіп жатқан құрылыс салушылардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі мәселелерді қосымша пысықтауда.
Құрылыс салу сатысында құрылыс салушылардан тұрғын үй сатып алу кезінде әрбір азаматтың ақшалай қаражатының сақталуын қамтамасыз ету үшін алдын ала пәтер брондау шартын, кейіннен «алдын ала шарт» жасасу арқылы цессия шартын, талап ету құқықтарын басқаға беруді, пәтерді алдын ала сатып алу-сату шартын және шарттардың өзге де түрлерін жасасуға тыйым салынады.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң талаптарын бұза отырып, көппәтерлі тұрғын үйлер салу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады.
Құрылыс салушының үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты немесе тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігі болған жағдайда Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты міндетті түрде жасай отырып, жергілікті атқарушы органда тіркелуі міндетті.