«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛЕДІ

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға байланысты «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына тиісті өзгертулер енгізіледі.

Біріншіден, жүйені мемлекеттік жоспарлауға сәйкес Бағдарлама мемлекеттік болып қайта бекітіледі.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы мен қаржыландыру көлемін арттыру нормасы қайта қаралады.

Жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын енгізуге байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасының механизмдері қайта қаралды. Бұл ипотеканы субсидиялау міндетін алып тастауды қарастырады.

Сонымен қатар жасалған және жасалатын келісімдер бойынша міндеттемелер орындалатын болады (қабылданған міндеттемелерге және азаматтардың болжамды өтінімдеріне сәйкес, 6,4 млрд. теңге).

Құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациямен қамтамасыз ету үшін жыл сайын қаржыландыру көлемін арттыру қарастырылуда.

Сондай-ақ, сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй құрылысына қосымша қаражат бөлу ұсынылады. Бұл халықтың әлеуметтік әлсіз топ санатына жататын қосымша 1 мыңнан астам отбасын  жыл сайын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, енгізілген түзетулер аясында әкімдіктер салған тұрғын үйлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ғана емес, жеке банктер арқылы да беру қарастырылған(салынған баспана банктің салымшыларына 3 ай ішінде өткізіліп, өткізілмеген үйлердің қалдығы ЕДБ клиенттеріне).

Бұл жағдайлар әкімдіктер салып жатқан бағалық параметрлерге байланысты ипотеканы дамытуға үлкен серпін береді. Атап айтсақ, шаршы метрі өңірлерде 140 мың теңге, ал Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында – 180 мың теңгеден болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тұрғын үй займдарын берудің параметрлерін қайта қарап жатыр.

Бұл бастаманы жүзеге асыру тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға үлкен серпін береді және тұтастай алғанда ел экономикасының одан әрі өсуіне мультипликативті ықпал жасайды.