Қазақстан Қытаймен транзиттік жүктерді тарту жөнінде және темір жол көлігімен тасымал көлемін ұлғайту бойынша өзара ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады

Қазақстан Қытаймен транзиттік жүктерді тарту жөнінде және темір жол көлігімен тасымал көлемін ұлғайту бойынша өзара ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады

26-27 сәуір күндері Бейжің қаласында ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай Комитетінің темір жол көлігі саласы бойынша ынтымақтастық комитетінің он бірінші отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр бастап барды.

Қытай тарапынан делегацияға Көлік министрінің орынбасары, ҚХР Мемлекеттік темір жол әкімшілігінің басшысы Ян Юйдун төрағалық етті.

Отырыс аясында тараптар темір жол көлігі саласы бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. Әсіресе, Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалдаған кезде кезігетін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған нормативтік база құру, транзиттік жүк ағынын тарту үшін темір жол тасымалының бәсекеге қабілетті тарифін қалыптастыру, жаңа транзиттік бағыттарды қалыптастыру сияқты тағы басқа да мәселелер қаралды.

ЭКСПО -2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі  қарсаңында Астана-Алматы-Үрімші бағыты бойынша қатынайтын Тальго жолаушылар пойызын іске қосу туралы келісімді ерекше атап өту керек.

Сондай-ақ, Қазақстан тарапы тасымал көлемін арттыру мақсатында Жапония/Корея - Ляньюньган порты- Түркия бағыты бойынша контейнерлік жүк тасымалы үшін бәсекеге қабілетті және тартымды тариф ұсынды..

Өз кезегінде қытайлық әріптестер 2016 жылы Қорғас өткізу бекетін мемлекеттік қабылдау рәсімінің аяқталғанын айтты және Қазақстан тарапының Қорғас-Алтынкөл шекара өткелін тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстыру бастамасына қолдау білдірді-деп атап өтті ҚР ИДМ Көлік комитетінің баспасөз-қызметі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар  отырыс хаттамасына  қол қойды.