ҚҰРЫҚ ПОРТЫНДАҒЫ ТЕМІРЖОЛ ПАРОМДЫҚ КЕШЕНІ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІН БАСТАДЫ

ҚҰРЫҚ ПОРТЫНДАҒЫ ТЕМІРЖОЛ ПАРОМДЫҚ КЕШЕНІ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІН БАСТАДЫ

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында айтты.

«Паромдық терминал биылғы наурыз айынан операциялық қызметін бастады. Бүгінгі күнге 120 цистернаға жуық (10 мың тонна) мұнай өнімдері тиеп-түсірілді. Жылдың соңына дейін осы терминал арқылы 500 мың тоннадан астам жүкті тиеп-түсіру жоспарланып отыр», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, биылғы жылы автокөлікке арналған паромдық кешені құрылысының екінші кезеңі басталды. «Осы мақсаттарға 2017 жылғы бюджеттен 50 млрд. теңге қарастырылған. Осы жобаны жүзеге асыру болашақ жүк ағынын толықтай тиеп-түсіруге және Ақтау портының паромдық терминалын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2020 жылға дейін теңіз порттарының қуаттылығын 26 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр», - деді министр.

Жүктерді теңіз арқылы тасымалдау нарығының оң серпіні байқалады. Бүгінгі күнге сауда флотында 11 кеме бар, оның ішінде 8 танкер және 3 құрғақ жүк кемесі бар. Төртінші құрғақ жүк кемесін осы жылдың ортасына қарай әкелу жоспарлануда.

Отандық танкерлер Түрікменбашы – Баку, Махачкала – Баку бағыттарында жүк тасымалдауды бастады. Оларға тасымалданған жүк көлемі 2016 жылы тиісінше 1 млн. және 160 мың тонна болды.