
ҚР Парламенті Мәжілісі «Мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша ҚР кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың мақсаты мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсынатын біртұтас провайдер құру, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу және жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау салаларында қызмет көрсетудің бірыңғай сапа стандартын сақтау және халыққа көрсетілетін қызмет ережелерін заңнамалық тұрғыдан бекіту.
Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 212 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Мемлекеттік корпорация бірінші кезеңде 522, екінші кезеңде 700-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қызметті іріктеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылады. Оның құрамына қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Қызметтерді мемлекеттік корпорацияға берудегі басты міндет оларды оңтайландыру және автоматтандыру.
Кәсіпорындарды біріктіргеннен кейін ХҚКО іске асырған барлық мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетудің біртұтас стандарты қолданылады.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері өтініштер қабылдап, дайын құжаттарды берумен қатар, оларды өңдеуді жүзеге асырады. Сондай-ақ, алыс ауылда тұратын азамттар үшін де қолжетімді болу үшін «Қазпошта» АҚ инфрақұрылымдары пайдаланылады.