
2015 жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» және қолданыстағы заңнамаларда оған ілесетін түзетулер пакетін бірінші оқылымда мақұлдады.
Бағалы металдар мен асыл тастардың айналымын құқықтық реттеу еліміздің ұлттық экономикасының дамуындағы экономикалық қауіпсіздік пен қаржылық тұрақтылығының шарты ретінде маңызды фактор болып табылады.
Заң жобасының мақсаты бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің, бағалы металдармен және тастармен операциялар жасауды мемлекеттік реттеу мен бақылаудың заңнамалық негізі, ұлттық заңнамалардың нормаларымен үйлестіру және Қазақстан Республикасында зергерлік кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
Заң жобасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және Министрліктің бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі мен айналамы саласында өкілетті орган ретінде құзіреті нақты айқындалған.
Бұл ретте бағалы металдар мен асыл тастарды, құрамында бағалы металдары бар шикі заттарды және зергерлік бұйымдарды елдің аумағына әкелу мен одан әкету кезінде мемлекеттік бақылауды іске асыру бойынша қызмет бағалы металдар мен асыл тастардың өндірісі мен айналымы саласындағы өкілетті орган ретінде Министрлікке жүктелген.
Құрамында бағалы металдары бар шикізаттағы зиянды қоспалар мен бағалы металдардың құрамының шекті мәні қарастырылған.
Басқа елдің аумағында Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген шикізаттан алынған аффинаждалған алтынды Қазақстан Республикасының аумағына қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында меншік-импорттаушыға міндеттемелерді енгізу жолымен басқа елдің аумағында өңделген аффинаждық алтынды ҚР Ұлттық банкіне басым тәртіппен сатуы бойынша мемлекет құқығының басымдығы кеңейтілген.