
2019 жылы 15 ақпанда «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Партиялық куратор, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркинаның төрағалығымен және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс істері комитетінің төраға орынбасары Алмаз Ыдырысовтың қатысуымен «Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін елді мекендерде «кедергісіз орта» құру жөнінде шаралар қабылдау, оның ішінде осы мәселені шешуге қоғамдық бақылауды күшейту» бойынша кеңейтілген отырыс өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, уәкілетті орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің басшылары мен өкілдері, сараптама комиссияларының мүшелері жиналды. Сонымен қатар, аймақтық кураторлар мен сараптамалық комиссиялар бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, елді мекендерде «кедергісіз орта» құру шараларын қабылдау, соның ішінде қоғамдық бақылауды күшейту Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталған 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында көрсетілген.
Елбасы Жолдауының қолжетімді ортаға бағытталған 62-тармағын іске асыра отырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімі бойынша негізгі және үлгілік өңірлік 2 жол картасын бекітті.
Негізгі карта бекітілген іс-шараларды орталық мемлекеттік органдар орындау үшін және жүйелік тұрғыда туындайтын мәселелерді шешуге бағытталған.
Ал, Үлгілік өңірлік жол картасы жергілікті атқарушы органдардың практикалық тұрғыда іске асыруына бағытталған. Атап айтқанда, қолданыстағы әлеуметтік объектілерді кейін бейімдеу үшін объектілер тізбесін қалыптастыра отырып, қолжетімділік тұрғысынан түгендеу жүзеге асырылатын болады.
«Жаңа объектіні жобалау және салу үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық және техникалық құжаттар халықтың әлсіз топтарының өмір сүруіне қолайлы орта құру үшін барлық қажетті талаптарды қамтиды» деп атап өтті Алмас Ыдырысов.
Алайда, жоғарыда айтылған талаптар орта және ағымдағы жөндеу жүргізу кезінде сақталмайды.
Орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына заңнамаға сәйкес жобалау-сметалық құжаттама әзірленбейтінін және сараптама жүргізілмейтінін, тиісінше құрылыс бақылауы (авторлық және техникалық қадағалау) жүзеге асырылмайтынын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Индустрия және Инфрақұрылымдық даму министрлігі нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті түзетулер дайындады.

