Мәжілісте Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты Заң жобасының таныстырылымы өтті

Мәжілісте Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты Заң жобасының таныстырылымы өтті

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті. Шараға депутаттар, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың және тұрғын үй қатынастарының басқа да (бизнес қауымдастықтары, пәтерлер және үй-жайлар меншік иелері кооперативтері қауымдастықтары) өкілдері қатысты.

Заң жобасын ҚР Инвестициялар жəне даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев таныстырды.

Оның айтуынша, Заң жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалау мақсатында әзірленді. Заң жобасында Қазақстан Республикасының үш кодексіне және 12 заңына өзгерістер енгізу көзделген. Онда мынадай тұжырымдамалық түзетулер бар:

1. әрбір көппәтерлі тұрғын үйде коммерциялық емес ұйым нысанында мүліктің меншік иелерінің бірлестігін құру арқылы басқару органы қызметін реттеу;

2. пәтер иелері, жергілікті атқарушы органдар, басқару органдары, басқарушы және сервистік компаниялар арасында қарым-қатынасты реттеу үшін тұрғын үй қоры және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру;

3. пайдалану шығындарының ең төменгі мөлшерін белгілеу;

4. тұрғын үйлердің ағымдағы және күрделі жөндеуіне қаражат жинау механизмін реттеу;

5. жергілікті атқарушы органдарға:

- газ, газбен жабдықтау саласында бақылау және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қадағалау бойынша қосымша құзыреттіліктер;

- қалаға бірыңғай сәулеттік ажар беруге, лифтілерді жөндеу мен ауыстыруға бағытталған жұмыстарды қаржыландыру мүмкіндігі;

- авариялы көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыруға байланысты құзыреттіліктер берілді;

6. тұрғын үй-құрылыс кооперативтері қызметін реттеу.

Заң жобасын қабылдау мүлік иелері, сервистік ұйымдар, басқарушы ұйымдар және басқада тұрғын үй қатынастары субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото ашық ақпарат көзінен