
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шахановтың төрағалық етуімен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-да «Қазақстан Республикасындағы елді мекендерде жаңа кәріздерді тазарту қондырғыларын (КТҚ) жобалау, салу және пайдалану» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараның бастамашысы және модераторы – Қазақстан Республикасының «Қазақстан Су Арнасы» Сумен жабдықтау және санитария кәсіпорындары қауымдастығының президенті Валерий Сюндюков. Дөңгелек үстелге «Мемсараптама» РМК өкілдері, жобалау ұйымдары, тазарту жабдығын өндірушілер, сондай-ақ Ресей мен Беларуссия мамандары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар саланың қазіргі жағдайын талқылады және КТҚ жобалау, салу және пайдалану процесінде келесі жүйелік проблемалардың барын атап өтті: озық технологиялар енгізудің заманауи ғылыми базасының жоқтығы, жетілдірілмеген нормативтік база, бірыңғай техникалық саясаттың жоқтығы, білікті мамандардың болмауы және тағы басқалар.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов қатысушыларды комитеттің қызметінде ескерілетін және заңнамалық деңгейде атқарылатын ең өзекті мәселелерді шешу үшін бірлескен ұсыныстар әзірлеуге шақырды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл ұсынысты қолдады. Жақын арада «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ және «Қазақстан Су Арнасы» бірлескен ұсыныстарды қалыптастыру жұмысын бастайды және оны қарап, шешім қабылдау үшін комитетке жібереді, деп келісілді.
Сондай-ақ, жобалау ұйымдары мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының тазарту жабдығын өндірушілермен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Комитет өкілдері қолданыстағы нормативтік талаптардың ең маңызды ережелерін түсіндіріп, қатысушыларға тазарту құрылғыларын салу және қайта құру үшін әзірленген жобалық құжаттаманы келісу және қайта келісу тәжірибесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Мамандар пікір алмасты.
Дөңгелек үстел қорытындысында мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын әрі өзекті мәселелерді талқылау үшін бірлескен жұмыстың қажеттігі айтылды.



