
Хабарлама
2021 жылғы 31 мамырда Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді (бұйрық ҚР ӘМ-де 2021 жылғы 31 мамырда № 22874).
Мемлекеттік сатып алу қағидаларына өзгерістер оларды қолданысқа енгізу мерзімдеріне сәйкес екіге бөлікке бөлінген:
- 2021 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін түзетулер;
- 2021 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілетін түзетулер.
Бұйрықтың мәтіні, сондай-ақ салыстырмалы кестесі мемлекеттік сатып алу веб-порталының басты бетінде орналастырылған.
2021 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін түзетулер:
2021 жылғы 1 маусым мен 31 шілде аралығындағы кезеңде бұрын электрондық депозитарийге енгізілген жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың өзгермеуі шартымен ҚМЖ және жобалау жөніндегі жұмыстарды сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілерге жұмыс тәжірибесі жөніндегі мәліметтерді дербес түзету, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның бірінші санаттағы рұқсаттар (лицензиялар) тізбесінің 5 және 6-бөлімдерінде көзделген лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі бойынша мәліметтерді толтыру жөніндегі техникалық мүмкіндік беріледі.
Осыған байланысты, электрондық депозитарийдің мәліметтер нысаны «Лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі» деген жаңа бөліммен толықтырылады.
2021 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілетін түзетулер
Бизнеске жүктемені азайту және мәліметтер мен құжаттарды электрондық депозитарийге енгізу мерзімдерін оңтайландыру, сондай-ақ мәліметтер мен құжаттардың дұрыстығын арттыру мақсатында Электрондық депозитарийді қалыптастырудың егжей-тегжейлі тәртібі көзделеді.
Осы тәртіп уәкілетті органдардың электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, веб-портал арқылы жүзеге асырылатын электрондық депозитарийдің мәліметтері мен құжаттарының дұрыстығын растау мәселелерін көздейді.
Бұдан басқа, осы тәртіп электрондық депозитарийдің мәліметтерін түзету мәселелерін, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің жалған ақпарат беру фактілері анықталған жағдайда мұндай мәліметтерді бұғаттау мәселелерін регламенттейді.