Мемлекеттік сатып алу – мемлекет қызметінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған маңызды тетіктердің бірі. Бұл жүйеде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қазынашылық комитеті ерекше орын алады. Комитет бюджеттердің атқарылуын қамтамасыз етумен қатар, республикалық маңызы бар орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу саласында іске асыру функцияларын жүзеге асырады. 2020 жылдан бастап Комитет орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары үшін мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде қызмет атқарып келеді. Бұл сатып алу рәсімдерін орталықтандыруға, бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға және сатып алу процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.
Бірыңғай ұйымдастырушы ретінде Комитет мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырудың негізгі кезеңдерін жүзеге асырады. Атап айтқанда, тапсырыс берушілердің өтінімдерін қарайды, конкурстық және аукциондық құжаттаманы ұйымдастырады, конкурстық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етеді, сатып алулар туралы хабарландыруларды орналастырады және олардың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды айқындауға қатысады. Сонымен қатар, Комитет мемлекеттік сатып алу саласындағы тиісті тізілімдерді қалыптастыру мен жүргізуге, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесіне қатысты мәліметтерді жинақтауға жауапты. Мұндай орталықтандырылған тәсіл сатып алу рәсімдерін біріздендіріп, кәсіби сараптаманы шоғырландыруға және бюджет қаражатын үнемді пайдалануға жағдай жасайды.
Комитеттің мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысының ауқымы нақты көрсеткіштермен сипатталады. 2025 жылы 1 532 мемлекеттік сатып алу рәсімі 1 трлн 160 млрд теңге жалпы сомаға өткізілді. Сатып алу қорытындысы бойынша шартты үнемдеу 15 млрд 4 млн теңгені немесе 5,3%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер орталықтандырылған сатып алу тетігінің бюджет қаражатын тиімді пайдалануға қосатын үлесін айқын көрсетеді.
Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдірудің маңызды бағыты – оны цифрландыру. Бүгінде сатып алу рәсімдері электрондық форматта жүзеге асырылады, ал Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай платформасы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сатып алу процесін бір цифрлық ортада ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте цифрлық технологияларды кеңінен қолдану рәсімдердің ашықтығын арттырып, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге және сатып алудың барлық қатысушылары үшін бірыңғай талаптарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша, Мемлекеттік қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметі бюджет қаражатын тиімді және ашық пайдалануға бағытталған мемлекеттік қаржы жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Орталықтандырылған сатып алуды ұйымдастыру, рәсімдерді біріздендіру, өнім берушілер туралы ақпараттық базаларды жүргізу және цифрлық шешімдерді дамыту – мемлекеттік сатып алу сапасын арттыруға, бәсекелестікті дамытуға және мемлекеттік ресурстарды неғұрлым тиімді басқаруға бағытталған кешенді жұмыстың негізгі бағыттары.