Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мемлекеттің макроэкономикалық тұрақтылығы мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Қор "Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 23 тамыздағы №402 Жарлығына сәйкес құрылды. Қор құру туралы шешім ел тәуелсіздігінің он жылдығы қарсаңында қабылданғаны назар аудартады.
Ресми түрде Ұлттық қор 2001 жылдың 18 мамырында жұмыс істей бастады. 2026 жылы оның қызметіне 25 жыл толады.
Ұлттық қорды құрудың негізгі мақсаттары мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, қаржы активтерін жинақтау, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін төмендету, сондай-ақ экономиканы қолайсыз сыртқы факторлардың әсерінен қорғау болды.
Ұлттық Қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі шотына шоғырланған қаржы активтерінің жиынтығын білдіреді.
Ұлттық қордың активтерін басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Үкіметімен жасалған сенімгерлік басқару шарты негізінде жүзеге асырады. Ұлттық Банк Қордың қаражатын, оның ішінде сыртқы басқарушыларды тарта отырып, дербес инвестициялайды. Басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын Ұлттық қордың сыртқы аудиті жүргізіледі.
Бүгінгі таңда Қордың активтері екі негізгі портфельден — тұрақтандыру және жинақ қорынан қалыптастырылады.
Тұрақтандыру портфелі Ұлттық қор активтерінің өтімділігінің қажетті деңгейін ұстап тұруға және республикалық бюджеттің ағымдағы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған. Бұл портфельдің қаражаты негізінен ақша нарығының жоғары өтімді қаржы құралдарына инвестицияланады.
Жинақ портфелі активтерді ұзақ мерзімді сақтауға және көбейтуге бағытталған. Оның қаражаты әртүрлі қаржы құралдарына, соның ішінде облигацияларға, акцияларға, алтынға және баламалы инвестицияларға бөлінеді.
Ұлттық қордың активтері негізінен шетел валютасында орналастырылады және халықаралық қаржы нарықтары бойынша әртараптандырылады.
Ұлттық қор қаражатын пайдалану Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген мақсаттарға ғана жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану туралы 2025 жылғы есептің жобасы ұсынылды.
Есеп жобасына сәйкес, Ұлттық қордың активтері 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 37 335,6 млрд теңгені құрады. 2025 жылы қорға түсетін түсімдер 3 770,3 млрд теңгеге жетті, оның 3 725,2 млрд теңгесі мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар түсімдері есебінен қамтамасыз етілді.
2025 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке мынадай қаражат жіберілді:
кепілдендірілген трансферт - 2 000 млрд теңге;
нысаналы трансферт-3 250 млрд теңге.
2026 жылға Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2 770 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферт мөлшері бекітілді. Ұлттық қорға салық түсімдерінің 2026 жылға арналған жоспары 4 124,9 млрд теңге көлемінде бекітілген.
25 жыл бойы Ұлттық қор Мемлекеттік экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып және Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы үшін негіз құра отырып, елдің аса маңызды қаржылық резерві болып қала береді.