Меню

Страницы

Статья

Республикалық бюджеттің жиынтық қаржыландыру жоспары және өтімділікті басқару

Жиынтық қаржыландыру жоспарын қалыптастыру және бекіту

Мемлекеттік қазынашылық комитеті Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес төлемдер бойынша кірістер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, сондай-ақ міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастырады және бекітеді. Аталған жоспарлар республикалық бюджет туралы заңды іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бекітіледі.

Төлемдер бойынша кірістер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, сондай-ақ міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджетке кірістердің жиынтық жоспарының жобаларына, республикалық бюджет бағдарламалары әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларының жобаларына негізделіп жасалады.

Төлемдер бойынша кірістер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджет кірістерінің жіктелуінің санаттары, сыныптары, кіші сыныптары мен ерекшеліктері бойынша жасалатын кірістердің жиынтық жоспарынан және бюджет шығыстарының функционалдық жіктемесінің функционалдық топтары, республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілері мен бюджет бағдарламалары бойынша қалыптастырылатын төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарынан тұрады.

Бюджеттік жоспарлау процесіне қатысушылар және Мемлекеттік қазынашылық комитетінің рөлі

Бюджетке кірістердің жиынтық жоспарының жобалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бейінді департаменттерімен қалыптастырылады. Атап айтқанда, Салық және кеден заңнамасы департаменті салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша, Бюджеттік кредиттеу департаменті – кредиттердің қайтарылуы бойынша, Мемлекеттік қарыз алу департаменті – қарыздардың түсімі бойынша жауапты болып табылады.

Шығыс бөлігін жоспарлау республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілерімен жүзеге асырылады, олардың саны қазіргі уақытта 39-ды құрайды. Олар міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларының жобаларын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің жеке қаржыландыру жоспарларын әзірлейді.

Мемлекеттік қазынашылық комитеті ұсынылған жоспарларды республикалық бюджет туралы заңға сәйкестігі тұрғысынан тексереді, шығыстардың айлар бойынша бөлінуін, конкурс өткізу және шарттар жасасу мерзімдерін талдайды, кірістер мен шығыстарды теңестіреді, жиынтық жоспарды қалыптастырып бекітеді, әкімшілерге үзінді көшірмелерді жолдайды және бекітілген көрсеткіштерді Қазынашылықтың ақпараттық жүйесіне жүктейді.

Жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу

Жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер республикалық бюджет бағдарламалары әкімшілерінің өтінімдері негізінде айына бір реттен аспайтын мерзімде енгізіледі. Ерекше жағдайлар ретінде әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету, нысаналы трансферттер, сот шешімдерін орындау, бюджетті нақтылау және түзету, сондай-ақ тиісті бюджетте қолма-қол ақша тапшылығы жағдайлары қарастырылған.

Бюджет бағдарламалары бойынша айлық шығыстар көлеміне өзгерістер енгізу туралы өтінімдер ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің сұраныстары негізінде, бекітілген сомалар шегінде және міндетті түрде есептеулер мен негіздемелер қоса беріле отырып қалыптастырылады. Бюджетке кірістердің жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі анықтамалардың жобаларын Қаржы министрлігінің бейінді департаменттері қалыптастырып, Қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесіне жүктейді.

Мемлекеттік мекемелер анықтамалығы және Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы жүргізу

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын әрбір мемлекеттік мекемеге жеті таңбалы код беріледі. Оның алғашқы үш саны бюджет бағдарламаларының әкімшісін, ал келесі төрт саны мемлекеттік мекеменің бірегей кодын білдіреді. Код беру үшін әкімші Мемлекеттік қазынашылық органдарына мемлекеттік тіркеу құжаттарын қоса тіркей отырып өтінім жолдайды.

Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы Қазынашылықтың ақпараттық жүйесінде жүргізу Мемлекеттік қазынашылық комитетімен жүзеге асырылады. Комитет Қаржы министрлігінің бұйрықтарына сәйкес сыныптаманы жаңартып, енгізілген өзгерістерді аумақтық бөлімшелерге жеткізеді. Республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілері мемлекеттік мекемелердің кодтарын беру, өзгерту, жабу, атауын немесе орналасқан жерін өзгерту бойынша өтінімдер жолдайды.

Блоктық бюджетті енгізу

2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Бюджет кодексіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 тамыздағы №602 қаулысына сәйкес блоктық бюджетті енгізу басталды. Пилоттық жобаға Су ресурстары және ирригация министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдіктері енгізілді.

Блоктық бюджет мемлекеттік органдарға бекітілген лимиттер шегінде қаржы ресурстарын дербес жоспарлауға және қайта бөлуге мүмкіндік береді. Қаржы жылы ішінде бюджет бағдарламаларының әкімшілері бірінші басшының шешімімен және бюджеттік комиссиялардың ұсыныстарын ескере отырып, бюджет бағдарламалары мен кіші бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөле алады. Бұл басқару шешімдерін жедел қабылдауға және бірінші басшылардың қаржыны басқарудағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қазынашылық комитеті блоктық бюджет аясында қабылданған шешімдердің белгіленген лимиттерге сәйкестігін, сондай-ақ салалық бағдарламалардан әкімшілік қызметті қамтамасыз етуге арналған бағдарламаларға қаражаттың қайта бөлінуіне жол бермеуді бақылайды.

Бірыңғай қазынашылық шот және қаражат қалдықтарын басқару

Бірыңғай қазынашылық шотқа бюджетке ақшалай нысанда түсетін барлық түсімдер толық көлемде есепке алынады. Осы шоттан мемлекеттік мекемелердің тіркелген міндеттемелері бойынша және бекітілген қаржыландыру жоспарлары шегінде төлемдер жүзеге асырылады.

Бірыңғай қазынашылық шот республикалық және жергілікті бюджеттердің, Ұлттық қордың, мемлекеттік қарыз алу шоттарының және басқа да бақылау шоттарының қалдықтарын қамтиды. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бірыңғай қазынашылық шоттағы қаражат қалдығы 2 173,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде жергілікті бюджеттердің үлесі 1 162,6 млрд теңге болды.

Республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстарын болжау

Республикалық бюджет қаражатының қозғалысын болжау өтімділікті басқарудың негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Болжау бекітілген жиынтық жоспарға, өткен кезеңдердегі бюджеттің нақты орындалуына, күтілетін кірістер мен шығыстарға және қолма-қол ақша бақылау шоттарындағы қалдықтарға негізделеді.

Ай сайын Бірыңғай қазынашылық шот бойынша ақша қозғалысының болжамдық кестелері, субвенциялар бөлу кестелері және республикалық бюджеттің күтілетін орындалуы жөніндегі талдамалық материалдар қалыптастырылады. Кірістерді болжау кезінде Мемлекеттік кірістер комитетінің және Қаржы министрлігінің бейінді департаменттерінің деректері пайдаланылады.

 

Майра Шаяхметова, ҚР ҚМ Мемлекеттік Қазынашылық комитетінің жиынтық қаржыландыру жоспары басқармасының басшысы

Дата публикации
22 января 2026
Дата обновления
22 января 2026
Тип
Талдамалық мақала

Сейчас читают

Мақалалар
26 августа 2026
Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі Қазынашылықтың рөлі
Әңгімелесу
30 июня 2026
Әңгімелесу (Сагымбаев К.М.) 29.06.2026
Мақалалар
29 мая 2026
Қазақстанның Ұлттық Қоры: еліміздің қаржылық тұрақтылығын ширек ғасыр қамтамасыз етуде

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы