2026 жылғы 21 қазан, Астана қаласы, Үкімет үйі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астанаға 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығына қатысу үшін келген Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуге ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты.
Бұл – ИКАО Бас хатшысының Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы ресми сапары.
Кездесу барысында Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Экономиканың барлық басым бағыттарында тұрақты ілгерілеуді қамтамасыз етуге бағытталған елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, авиациялық хабтарды қалыптастыруға және елдің транзиттік рөлін нығайтуға айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. ИКАО-мен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласы үшін стратегиялық маңызға ие.
Хуан Карлос Саласар Қазақстанның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстан ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына кіреді. Елдің көрсеткіші 95,7%-ды құрайды.
ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның әуежай және аэронавигациялық инфрақұрылымды дамыту мен нығайту бағытында маңызды шешімдер қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елдің әуекомпаниялары әуе кемелері паркін жаңғыртып, халықаралық маршруттар желісін кеңейтуде.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан азаматтық авиациясының дамуындағы оң серпінді атап өтті. Соңғы бес жылда авиация саласының жалпы шығарылымы 6,5 есе өсіп, 2,9 млрд. АҚШ долларына жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайлардың жолаушылар ағыны 31,8 млн. адамды құрап, халықаралық маршруттар желісі 161 бағытқа дейін кеңейді.
Қол жеткізілген нәтижелер халықаралық стандарттарды жүйелі түрде енгізудің және қазақстандық мамандардың жоғары кәсібилігінің арқасында мүмкін болды. Саланың әлеуетін одан әрі іске асыру үшін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспарын (CAMP-2050) әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді. Құжат саланы жаңғырту, авиациялық хабтарды қалыптастыру мен Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен ИКАО Бас хатшысы ынтымақтастықты нығайту, авиациялық қауіпсіздікті одан әрі арттыру мен азаматтық авиацияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен ИКАО-ның бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға дайын екендіктерін растады.
2026 жылғы 20–22 қазан, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік сарайы. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаһандық іс-шарасы – ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы алғаш рет Қазақстан Республикасында өтіп, 62 елдің авиациялық билік органдары, халықаралық ұйымдар, азаматтық авиацияның өңірлік құрылымдар, әуекомпаниялар мен әуежайлардың өкілдерін және жетекші салалық сарапшыларды біріктірді.
Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қазақстанға және Орталық Азияға алғашқы ресми сапарымен келген ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.
Форумның Астанада өтуі Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығының жоғары деңгейін және елдің авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейі бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарына кіреді. Елдің стандарттарды тиімді іске асыру көрсеткіші 95,7%-ды құрап, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші орнын сақтауда.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен екіжақты кездесуі өтті. Кездесуге ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты. Тараптар азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту, авиациялық қауіпсіздікті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, ИКАО сарапшыларының қолдауымен Қазақстанның 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспары әзірленуде.
Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Канаданың Көлік министрінің орынбасары Лиза Сетлаквемен кездесті. Келіссөздер барысында әуежайлардың қызметін реттеу және шағын авиацияны дамыту мәселелерін қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. Тараптар әріптестік қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін растады.
Ресми ашылу қарсаңында, 2026 жылғы 19 қазанда Астанада Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының отырысы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Грузия өкілдері, сондай-ақ бақылаушы ретінде Ресей тарапы қатысты. Қатысушылар азаматтық авиацияға төнетін қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді, ақпарат алмасу мәселелерін, ИКАО аудиттеріне дайындықты және Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспарын (GASeP) іске асыруды талқылады.
Сонымен бірге 2027 жылға арналған өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.
ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығының бағдарламасы халықаралық азаматтық авиацияның өзекті сын-қатерлерін талқылауға арналды. Олардың қатарында киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді заңсыз қолдануға қарсы іс-қимыл, әуе жүк тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қарулы қақтығыс аймақтарына жақын жерде орындалатын ұшулар кезінде тәуекелдерді басқару мәселелері болды. Инновациялық технологияларды енгізу, білікті мамандар даярлау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Форумның бірінші күні АҚШ ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына қаржылық қолдау көрсету ниетін жариялады. Бұдан бөлек, ИКАО мен Астана халықаралық әуежайы арасында басқарушылық қызметтер көрсету туралы келісімге (Management Service Agreement) қол қойылды.
Қазақстанда ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығын өткізу 2027 жылы Монреаль қаласында өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға (HLCAS/3) дайындық тұрғысынан ерекше маңызға ие. Форум 22 қазанда «Астанадан жолданған үндеулер» (Messages from Astana) атты қорытынды сессиямен аяқталды.
ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының Астанада өтуі еліміздің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етіп, елдің жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудағы және азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі белсенді рөлін растайды.
2026 жылғы 24 қыркүйек. ИКАО штаб-пәтері, Монреаль
Қазақстан Республикасының өкілдері ИКАО-ның жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша XXI симпозиумына қатысты. Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мырза, 70 ел мен 7 халықаралық ұйым, сондай-ақ авиация индустриясының халықаралық компанияларынан 600-ден астам делегат қатысты.
Еліміздің атынан іс-шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза және «Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі» АҚ Рәсімдерді оңайлату, жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Всеволод Ким мырза қатысты.
Қазақстанның делегациясы «Seamless Travel in Practice» («Іс жүзіндегі кедергісіз саяхат») сессиясында спикер ретінде сөз сөйлеп, тұлғаны тану мен жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру технологияларын енгізу тәжірибесіне презентация жасады. Халықаралық авиациялық қоғамдастыққа еліміздің әуежайларында автоматтандырылған шекаралық бақылауды практикалық енгізу нәтижелері, рәсімдерді жеделдету үшін биометриялық технологияларды қолдану, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау тәсілдері ұсынылды.
Бұл сессияда Румыния, Сингапур мен Хорватия, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдері өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Талқылау барысында шекаралық бақылаудан кедергісіз өтудің жаңа тұжырымдамалары, байланыссыз технологиялар, жолаушыларды цифрлық сәйкестендіру мен заманауи шешімдерді ұлттық шекараларды басқару жүйелеріне интеграциялауға назар аударылды. Қауіпсіздік, рәсімдерді оңайлату, дербес деректерді қорғау және жолаушыларға қолайлылық арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ енгізіліп жатқан жүйелердің ICAO стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес халықаралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Симпозиум барысында халықаралық авиациялық қоғамдастықтың өкілдері еліміз азаматтық авиациясының даму серпінін және халықаралық стандарттарды енгізу, саланы цифрландыру және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи технологияларын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын атап өтті.
Қазақстандық мамандардың ИКАО-ның халықаралық алаңдарында спикерлер мен сарапшылар ретінде қатысуы ұлттық тәжірибені ілгерілету, әлемнің жетекші авиациялық және шекаралық ведомстволарымен кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту мен еліміздің халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы ұстанымдарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Монреаль, ИКАО штаб-пәтері, 2026 жылғы 3 маусым. –Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза Индонезия Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ИКАО жанындағы Индонезия Республикасының Тұрақты өкілі Мұхсин Сийхабпен кездесті. Кездесу Индонезия Тарапының бастамасымен өтті.
Әңгімелесу барысында Тараптар Қазақстан мен Индонезияның ИКАО алаңындағы екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады. Сондай-ақ ИКАО Ассамблеясының Төтенше сессиясын өткізу ықтималдығы мен ИКАО Кеңесінің құрамын кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасу болды.
Кездесу достық және сындарлы ахуалда өтті. Тараптар екіжақты байланыстарды одан әрі жалғастыруға және нығайтуға уағдаласты.
2026 жылғы 8 мамыр, Монреаль қ., ИКАО штаб-пәтері. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а) бабына өзгерістер енгізу туралы хаттамаға және Конвенцияның 56-бабына өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қатысты ратификациялау грамоталарын ресми түрде тапсыру рәсімі өтті.
Рәсімге ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза, ИКАО Заң және сыртқы байланыстар бюросының директоры Майкл Гилл мырза, сондай-ақ ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі мен Ұйым Хатшылығының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында ИКАО Бас хатшысы ратификациялау грамоталарын қабылдап, депозитарий тарапынан олардың алынғанын растайтын ресми хатты табыс етті.
Өзінің құттықтау сөзінде ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза Қазақстандық Тарапты жоғарыда аталған хаттамаларды ратификациялауымен құттықтап, елімізге ИКАО-ның стратегиялық мақсаттарын ілгерілетуге белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұйымның белсенді әрі сындарлы мүшесі екені атап өтілді.
Өз кезегінде ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО басшылығына өзара іс-қимылды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын білдірді.
Ратификациялау грамоталарын тапсыру арқылы Қазақстан аталған түзетулер бойынша тиісті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтаған 124-ші мемлекет болды. Түзетулердің күшіне енуі және ИКАО Ассамблеясының Төтенше сессиясын өткізуі, сондай-ақ ИКАО Кеңесінің құрамын 36-дан 40 елге дейін және ИКАО-ның Аэронавигациялық комиссиясының құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін кеңейту үшін жоғарыда аталған хаттамалардың әрқайсысын тағы төрт мемлекеттің ратификациялауы қажет.
Рәсім сенім, өзара түсіністік және сындарлы диалог ахуалында өтті.
2026 жылғы 23 сәуір, Астана. Монреаль қаласындағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ИКАО-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі департаментінің басшысы Тетцуя Танака мырза 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы «Regional Knowledge Exchange on Carbon Pricing and ETS Reform» панельдік сессиясында онлайн форматта спикер ретінде сөз сөйледі.
Өз сөзінде Т. Танака мырза ИКАО-ның стратегиялық мақсаттарына шолу жасап, авиация саласында 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Ол экологиялық күн тәртібінің өзектілігін және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда авиация жаһандық шығарындылардың шамамен 2%-ын құрайтыны, ал авиациялық шығарындыларды реттеудің күрделілігі олардың трансшекаралық сипатымен байланысты екені айтылды.
Сонымен қатар, CORSIA (Carbon Offsetting and Reduction Scheme for International Aviation) – ИКАО әзірлеген халықаралық азаматтық авиациядағы көміртегі шығарындыларын өтеу және азайту жүйесіне қатысудың маңызына назар аударылды.
Т. Танака мырза тұрақты авиациялық отын (SAF) мәселесіне тоқталып, оны жаһандық деңгейде енгізу үшін шамамен 3,3 трлн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет болатынын атап өтті.
Т. Танака мырзаның баяндамасы қатысушылар мен мүдделі тараптар арасында үлкен қызығушылық тудырып, тұрақты авиацияны дамыту мәселелеріне қосымша назар аударуға ықпал етті.
ИКАО-ның Саммитке қатысуы пікірталастар мазмұнын байытып, авиацияның тұрақты дамуы, көміртегі бағасын белгілеу және шығарындылар саудасы жүйелерін енгізу бойынша диалогты нығайтты.
2026 жылғы 14–16 сәуір, Марракеш қ. (Марокко Корольдігі). Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО-ның стандарттарды енгізу мен мемлекеттерге қолдау көрсету мәселелері жөніндегі негізгі іс-шарасы болып табылатын 5-ші Жаһандық енгізуді қолдау симпозиумына (GISS-2026) қатысты.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ханым, Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мароккодағы Елшілігінің қызметкерлері мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Air Astana» және «SCAT» өкілдері кірді.
Симпозиум жұмысына ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мырза, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, сондай-ақ ИКАО-ға мүше 101 мемлекеттен 1450 делегат қатысты.
Симпозиум барысында қатысушылар ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік, авиацияның орнықтылығы мен жаһандық авиациялық байланыстылықты арттыруға бағытталған міндеттемелерді, серіктестіктер және бастамаларды әзірлеу мәселелерін талқылады.
Барлық мемлекеттердің ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасын (SARPs) тиімді енгізу қабілетін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
GISS-2026 бағдарламасына ұшу қауіпсіздігі; авиациялық қауіпсіздік; аэронавигацияның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету; жаһандық авиациялық байланыстылықты дамыту; авиациядағы нөлдік өлім көрсеткішіне қол жеткізу; жаңа технологияларды енгізу; өңірлік ынтымақтастық; экономикалық өсуді, туризм мен сауданы ынталандыру; авиациялық инфрақұрылымды дамыту және авиация секторына инвестициялар тарту мәселелері бойынша панельдік сессиялар енгізілді.
Симпозиумның негізгі элементі Көлік және азаматтық авиация министрлері мен вице-министрлері қатысқан Министрлік дөңгелек үстел болды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттердің ИКАО стандарттарын ұжымдық енгізуге бейілділігі расталған Марракеш іс-қимылға шақыруы қабылданды.
Құжат ИКАО-ның «Ешбір мемлекет назардан тыс қалмайды» стратегиялық бастамасын іске асыруға бағытталған.
Симпозиум аясында Қазақстан делегациясы Ангола, Белиз, Гвинея-Бисау, Дания, Индонезия, Канада, Куба, Марокко, Нигерия, Сингапур, Тәжікстан, Уганда, Үндістан, Франция мен Экваторлық Гвинея делегацияларының басшыларымен кездесулер өткізіп, азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Симпозиум азаматтық авиацияның жаһандық деңгейде тұрақты экономикалық даму, халықаралық байланыс пен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтудің негізгі факторларының бірі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетті. Сонымен қатар, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға, сондай-ақ саланың тұрақты және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасын тиімді енгізудің маңыздылығы расталды.
ИКАО болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай әлемдік әуе тасымалдарының көлемі айтарлықтай өседі: жолаушылар ағыны шамамен үш есеге артып, жылына 12,4 млрд. жолаушыға жетеді, ал жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге ұлғаяды. Бұл өсімнің негізгі бөлігі дамушы экономикалары бар мемлекеттерге тиесілі болады, бұл халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және азаматтық авиацияның халықаралық стандарттарын енгізу саласында мемлекеттердің әлеуетін арттырудың маңыздылығын көрсетеді.
2026 жылғы 13–17 сәуір Монреаль қаласы, ИКАО штаб-пәтері. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) штаб-пәтерінде Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының 37-ші отырысы (AVSECP/37) өтті.
Қазақстан тарапынан іс-шараға «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Авиациялық қауіпсіздік департаментінің бас авиациялық инспекторы, ИКАО Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар панелінің оқыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі аудиторы Рүстем Қабанбаев мырза қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан тарапы ИКАО-ның іске асыруды қолдау және әлеуетті арттыру жөніндегі бастамасы аясында «Өңірлік ынтымақтастықты нығайту: Қазақстан Республикасын ICAO USAP-CMA аудитіне дайындауда Орталық Азия және Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының рөлі» атты жұмыс құжатын ұсынды. Құжатта авиациялық қауіпсіздікті қадағалауды жетілдіру мен ИКАО-ның Әмбебап авиациялық қауіпсіздік аудиті бағдарламасының үздіксіз мониторинг тәсіліне (USAP-CMA) дайындықты қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.
AVSECP/37 қатысушылары еліміздің қорытындыларын құптап, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік бойынша соңғы кешенді аудит қорытындылары бойынша 95,7% көрсеткішпен әлемдегі ең қауіпсіз 20 мемлекеттің қатарына енген ел ретінде өңірлік ынтымақтастықтың авиациялық қауіпсіздіктің жаһандық тұрақтылығын нығайтудың негізгі факторы ретіндегі өзектілігін мойындады.
Отырыс барысында авиациялық қауіпсіздік саласындағы жаңа қауіп-қатерлер, саясат пен реттеудегі өзгерістер, инновациялар және әлеуетті арттыру стратегиялары сияқты мәселелердің кең ауқымы қарастырылды.
Отырыс конструктивті диалог және ашық пікір алмасу жағдайында өтті.
Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.
Қазақстан Республикасының Президенті Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына жеке жолдаулар жолдады.
Мемлекет басшысы аталған елдердің халықтарына ауыр кезеңде шынайы қолдау мен ынтымақтастық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Қазақстан үшін достас әрі бауырлас мемлекеттердің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекеттерді қатаң айыптады.
«Еліміз барлық күрделі халықаралық мәселелер мен қарулы қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен шешуді дәйекті түрде қолдайды», – делінген жолдауларда.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан бауырлас араб елдеріне мүмкіндігі шегінде кез келген көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, олардың жоғары басшылығымен тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға үміт білдірді.