
Қазақстан халықаралық ынтымақтастықта позициясын нығайтуда
Бангкок, Тайланд Корольдігі, 2024 жылғы 25-28 қараша. Азия және Тынық мұхиты экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) штаб-пәтерінде Оңтүстік-Оңтүстік желісі және үшжақты ынтымақтастық бойынша Бас директорлардың алтыншы Азия-Тынық мұхиты форумы өтті. Форумның басты тақырыбы "Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық желісі бойынша қалалардың тұрақты және орнықты дамуы" болды.
Форум әртүрлі елдердің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Қатысушылар тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оңтүстік-оңтүстік бағыттағы серіктестіктерді нығайтудың негізгі аспектілерін талқылады.
2024 жылдың 25 қарашасында форум аясында Индонезия Үкіметі ЭСКАТО қолдауымен ұйымдастырған жаңа донорлар арасында жиналыс өтті. Талқылауға Индонезия, Таиланд, Түркия, Малайзия, Қазақстан, Әзербайжан, Мексика, Колумбия және Филиппин өкілдері қатысты.
Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің (KazAID) Басқарма Төрағасы А.Арыстанов форумның ашылуында спикер ретінде сөз сөйледі, сондай-ақ "Ресурстарды жұмылдыру/салыстыру" тақырыбында сессияны басқарды. Сессия аясында ресурстарды жұмылдыру және донорлық агенттіктердің күш-жігерін үйлестіру үшін платформалар құрудың практикалық тәсілдері қарастырылды.
Форум аясында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, атап айтқанда Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Вице-президенті Рахман Нурдунмен, және Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі, Достастық және даму істерінің Даму және ашық қоғамдар жөніндегі директоры (FCDO), Кристиан Роггпен бірқатар екіжақты кездесулер өткізілді.
Форум тұрақты даму саласында тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін елдер мен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне сеніммен аяқталды.