
KazAID-тің үшжақты ынтымақтастық жөніндегі халықаралық кездесуге қатысуы
Ү.ж. 7-8 қазанында «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Басқарма Төрағасы А.Арыстанов Португалияның Лиссабон қаласында өткен «Камоэшн» халықаралық ынтымақтастық және тіл институты (Camões, I.P.) мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) ұйымдастырылған үшжақты ынтымақтастық жөніндегі 8-ші халықаралық кездесуге қатысты.
Іс-шара барысында Бразилия төрағалық ететін «Үлкен жиырмалық» даму жөніндегі жұмыс тобының басым тақырыбы болып табылатын үшжақты ынтымақтастық форматтары талқыланды. Кездесу жаһандық процестерден идеялар алу, тәжірибе алмасу және өңірлік және өңіраралық үшжақты ынтымақтастық үшін болашақ мүмкіндіктерді айқындау, үшжақты ынтымақтастық стратегияларын дамыту, сондай-ақ жобаларды дамыту, іске асыру тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастық жүйесі үшін халықаралық алаң ретінде қарастырылады. А.Арыстанов пленарлық сессия аясында «Азиялық әріптестермен үшжақты ынтымақтастық» тақырыбында сөз сөйлеп, іс-шараға қатысушыларды Агенттіктің үшжақты ынтымақтастық шеңберінде жүргізіп жатқан жұмысымен таныстырып, оның жаңа донор елдердің жаһандық әріптестігіндегі өзектілігі мен тиімділігін атап өтті.
Іс-шара аясында А.Арыстанов Португалияның «Камоэшн» халықаралық ынтымақтастық және тіл институтының Президенті Ф.Параибамен, Сауд Арабиясының Салман Королі атындағы гуманитарлық қызмет пен құтқару орталығының жоспарлау және дамыту жөніндегі бас инспекторының көмекшісі А.Альгамдимен, БҰҰ Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық басқармасының Директоры Д.Аль-Хатибпен және Израиль халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігінің (МАШАВ) жоспарлау, бағалау және серіктестік департаментінің Директоры О. Словпен және т.б. келіссөздер жүргізді. Тараптар даму мақсатында халықаралық әріптестіктің түрлі салаларындағы өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын талқылады.