
KazAID және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының кездесуі
Ағымдағы жылдың 5 шілдесінде KazAID Басқарма төрағасы А.Арыстанов азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) елдік кеңсесінің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар серіктес елдердегі орнықты даму үшін азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы саласындағы ықтимал ынтымақтастықты талқылады.
Ал АҚИҰ тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу негізінде көпжақты ынтымақтастық шеңберінде бірлескен жобаны іске асыруға қызығушылық білдірді. Ұйым өкілдері қазақстандық тарапты Ауғанстанда бидай өсіруді ілгерілету жөніндегі әлеуетті жобалық идеямен таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл серіктес елдерде азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Анықтама:
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) миссиясы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше барлық мемлекеттерде тұрақты азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беру міндеттемелеріне бағытталған.