Қазақстанда дамуға ресми көмек көрсетудің басым бағыттары талқыланды

Қазақстанда дамуға ресми көмек көрсетудің басым бағыттары талқыланды

Алматы, 2023 жылғы 9 қараша - Ресми көмек бағдарламасы және даму саласындағы тиімді ынтымақтастық қағидаттары шеңберіндегі ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылау мақсатында бүгін Алматыда KazAID және Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы (АРГО) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырған «Тиімді даму үшін серіктестік» халықаралық брифингі өтті.

Іс-шараға Қырғызстан мен Тәжікстаннан 20-дан астам азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері жиналды, олардың қызметі гендерлік теңдік, қаржылық сауаттылық, жергілікті қоғамдастықтарды дамыту, телемедицина және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған. Іс-шара аясында пленарлық сессиялар өтті, оның барысында KazAID, АРГО өкілдері және Қырғызстан мен Тәжікстанның үкіметтік емес секторының сарапшылары сөз сөйледі.

Брифинг нәтижелері KazAID ресми көмек бағдарламасы шеңберінде тиімді әріптестік үшін елдердің қажеттіліктері мен басым бағыттарын анықтауға көмектеседі. Бұл ұсыныстар ынтымақтастық, өзара қарым-қатынас және адам құқықтары қағидаттарына негізделген даму мақсатында көлденең ынтымақтастыққа ықпал ететін болады.

Дамуға ресми көмек (ДРК) – орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін басқа елдерге өтеусіз негізде берілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қолдауы. ДРК саласындағы ұлттық оператор ҚР Сыртқы істер министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы Қазақстандық халықаралық даму агенттігі (KazAID) болып табылады. KazAID Орталық Азия елдері үшін жобаларды іске асырып, Қазақстан Республикасының сыртқы көмек көрсету және халықаралық дамуға жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерін үйлестіруге жауап береді.

 

***

KazAID - Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек саласындағы ұлттық операторы болып табылады. Ұйым Қазақстан мен басқа елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс істейді, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірде орнықты дамуды қолдауға ұмтылады. Қосымша ақпарат алу үшін www.kazaid.kz сайтына өтіңіз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) кедейліктен туындаған әділетсіздікпен, теңсіздікпен және климаттың өзгеруімен күресетін БҰҰ-ның жетекші мекемесі болып табылады. 170 елдегі сарапшылар мен әріптестеріміздің кең торабымен жұмыс істей отырып, БҰҰДБ адамдар мен ғаламшар үшін кешенді, ұзақ мерзімді шешімдерді әзірлеуге көмектеседі.

АРГО - Қазақстан мен Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды нығайту мен азаматтық белсенділікті дамытудың негізгі қатысушысы болып табылатын азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы.