13 қазан 2023 жыл – «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп Орталық Азиядағы инклюзивті цифрлық трансформацияны ілгерілету жөніндегі Ниеттер туралы мәлімдемеге қол қойды. Бұл ынтымақтастық «ешкімді артта қалдырмау» әмбебап қағидасына негізделген инклюзивті цифрлық трансформацияны ілгерілетуге, инновацияларды және білім алмасуды ынталандыруға бағытталған. Үшжақты ынтымақтастықтың басты мақсаты аймақтық деңгейде Қазақстанның табысты мемлекеттік технологиялар (govtech) шешімдерін ілгерілету болып табылады.
Осы құжаттың маңыздылығын тараптардың әрқайсысы атап өтті. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Ә. Тұрысовтың айтуынша: «Қазақстан цифрлық саладағы тәжірибесін басқа елдермен бөлісуге дайын және біз БҰҰДБ және KazAID-пен ынтымақтаса отырып, цифрландыру саласындағы аймақ елдерінің өзара іс-қимылын жақсарта аламыз деп сенеміз».
БҰҰДБ-ның 2022-2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспары цифрлық технологияларды орнықты даму мақсаттарына жетудің негізгі факторы ретінде айқындап, олардың өсіп келе жатқан рөлін ерекше атап өтеді. Осы мақсат туралы айта келе, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов келесідей сөз айтты: «Біздің басты ұстанымымыз цифрлық технологияларды адам мен институционалдық дамудың инклюзивті күші ретінде пайдалану болып табылады. Біз Қазақстан өзгерістерді ынталандыру үшін мемлекеттік цифрлық шешімдерді пайдаланудың аймақтық катализаторы бола алатынына және бұл серіктестіктің цифрлық тәжірибемен алмасудың маңыздылығының мысалы болатынана сенімдіміз».
Сондай-ақ, KazAID Басқарма Төрағасы А. Арыстанов келесіні атап өтті: «Біздің миссиямыз тек техникалық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы нақты өңірлік мәселелерді шешуге бағытталған мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіру».
Осы ынтымақтастықтың мақсаттары Агенттіктің әріптес елдерді дамыту мақсатында қазақстандық технологияларды, білімді, тәжірибе мен құзыреттерді ілгерілету туралы функцияларының бірін көрсетеді. KazAID ЦДИАӨМ және БҰҰДБ-мен бірлескен әріптестік осы функцияның одан әрі тиімді енгізуліуне жәрдем көрсететініне үміттенеді.