
KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігі жақында әлеуметтік желілерде және бірқатар БАҚ-та KazAID-тің АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен (USAID) ынтымақтастығы туралы жалған ақпарат пайда болғаны туралы хабарлайды. Атап айтқанда, бірқатар журналистер Ресейге қарсы бағыттағы тілшілерді даярлау жөніндегі KazAID бағдарламаларын АҚШ тарапынан болжамды қаржыландыру туралы дәйексіз ақпаратқа сілтеме жасайды.
Осыған байланысты, KazAID Америка тарапынан қаржы алмағанын және бұл болашақта KazAID жоспарларына кірмейтінін ресми түрде мәлімдейді. Себебі, Агенттік ҚР СІМ ведомстволық бағынысты құрылымы болып табылады және бюджет есебінен қаржыландырылады.
KazAID пен USAID арасында расындада 2021 жылы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Осы Келісім аясында 2021 жылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін онлайн-саммит ұйымдастырылды. 2022 жылы Орталық Азия елдерінің университеттері үшін су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша дөңгелек үстел өтті. Келесі жылы агенттіктер денсаулық сақтау және цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті.
Бұл ақпарат KazAID ресми парақшасында жарияланған: www.kazaid.kz.
Қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда ҚР СІМ баспасөз қызметіне немесе тікелей Агенттікке хабарласуды сұраймыз.
Анықтама:
«KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі» КЕАҚ - Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен құрылған дамуға ресми көмек саласындағы оператор. Агенттік ҚР СІМ ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады және мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.
АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) - халықаралық даму және гуманитарлық көмек саласындағы қызметті жүзеге асыратын үкіметтік агенттік.